Зілзалада қараусыз қалған балалардың отбасын тауып, оларды табыстау жалғасып жатыр. Жер сілкінісінен 54 күн өткеннен кейін 3,5 айлық сәби анасымен қауышты, деп хабарлайды İnbusiness.kz сайты DHA-ға сілтеме жасап.
Хатайдағы зілзаладан 128 сағат өткен соң 3,5 айлық сәбидің аман-есен құтқарылғаны туралы сүйінші хабар тараған болатын. Нәрестенің денсаулығын тексеру үшін бірден Адана қаласындағы ауруханаға апарады. Дәрігерлер оған Гизем деп ат қояды. Сәбидің анасы аман-сау құтқарылғанымен әкесі мен екі ағасы қаза табады.
Ал Гиземді президент ұшағымен Анкараға әкеледі, бұл жерде де жағдайын тағы бір мәрте тексеру үшін ауруханаға жеткізіледі. Кейін Гизем отбасы және әлеуметтік қызметтер министрлігіне қарасты ұйымға орналастырылады.
Аталмыш министрліктің қараусыз қалған балалардың отбасын табу үшін жүргізген зерттеулер аясында Гиземнің жақындарымен байланыс орнатады. Отбасы мен нәрестеден алынған ДНҚ үлгісінің сәйкес екені анықталғаннан кейін Гизем Анкарадан жеке ұшақпен Аданаға жеткізілді. Отбасы және әлеуметтік қызметтер министрі Дария Янык нәрестені Адана қалалық ауруханасында емделіп жатқан анасы Ясемин Бегдашқа өз қолымен табыстады. Осылайша шамамен екі айдан кейін анасы мен қызы қуышты. Сәбиін сағынғаны соншалық анасы құшағына қысып жібергісі келмеді.
- "Іздестіру-құтқару топтары тарапынан Гиземнің үйінді астынан 128 сағаттан соң құтқарылуы шын мәнінде ғажайып еді. Оның аман қалғанына және денсаулығында ешбір кінәрат туындамағанына бәріміз таң қалдық. Біз әрдайым Гиземді қолдаймыз, оның жанындамыз", - деді министр.
Қазір Гиземнің анасы ауруханада емделіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша жағдайы жақсарып келеді. Ясемин Бегдаш ауруханадан шығып қызын құшағына алғанша асық.