Үйірмелерді қаржыландыру тоқтап тұр

869

Павлодарлық кәсіпкерлер мен ата-аналар жаңа бағдарламаның болашағына алаңдаулы.

Үйірмелерді қаржыландыру тоқтап тұр

Балалардың бос уақытын тіимді пайдаланып, олардың спорт пен шығармашылыққа қызығушылығын арттыру мақсатында елде жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы басталғаны белгілі. Соның негізінде балалардың спорт секциялары мен үйірмелерге бару ақысын бұрынғыдай ата-аналар емес, мемлекеттің өзі өтейді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Алайда павлодарлықтар наурыз айынан бері балаларын тегін үйірмелерге апара алмай отыр. Себебі өтініштерді қабылдайтын artsport.edu.kz сайтында лимиттің аяқт алғанын көруге болады. Бұл жайт ата-аналарды ғана емес, кәсіпкерлерді де алаңдатып отыр.

"20 маусымда бағдарлама бойынша қаржыландыруды қысқарту мәселесі талқыланады. Одан соң оны жауып тастауы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде бағдарлама үш айдан бері істемейді. Бүгінгі күні 10 наурызға дейін тіркеліп үлгергендер ғана спорт секциялары мен үйірмелерге ақы төлемей-ақ барып жүр", – дейді бағдарламаға қатысып жатқан орталықтардың өкілдері.

Мұндай жайтқа ата-аналардың басым бөлігінің де көңілі толмай отыр. Балалар жылы олардың дамуына уақыт пен қаржы бөлінуінің орнына, жұмыс тұралап тұрғанын айтып, налиды олар.

Бұл мәселені жергілікті билік те жақсы біледі. Бұған дейін Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов құзырлы министрлік бағдарламаға өзгерістер енгізіп жатқанына байланысты кейбір бағыттар бойынша мемлекеттік тапсырыстың тоқтап тұрғанын айтқан еді.

"Бізге ата-аналардан да, өз қызметтерін көрсетуді қалайтын кәсіпкерлерден де шағымдар түсті. Министрлік бұл туралы хабардар және мәселені шешудің жолдарын қарастыруда. Кейбір бір бала екі-үш ваучерді пайдаланады. Мұның барлығы ескерілетін болады. Жалпы кенже қалып қойған спорт түрлерін дамытуға ден қойып, соларды қаржыландыруға баса назар аударған дұрыс", – деген болатын Мейрам Өтешов.

Айта кетейік, биыл Павлодар облысында балалардың спорт секцияларына 760 млн теңге қарастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есеге көп. Мемлекеттік тапсырыс бойынша барлығы 192 жекеменшік секция бар.

Сонымен қатар шығармашылық тапсырыс аясында шамамен 447 млн теңге бөлінді. Жан басына қаржыландыруға сәйкес, 20 бағыт бойынша 77 үйірме жұмыс істейді. Олардың қатарында би, бейнелеу өнері, балет, эстрадалық вокал, өлкетану және тағы басқалары бар.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу