ШҚО-да үйі суда қалғандардың мәселесі қаралды

904

ШҚО-да үйі суда қалғандардың мәселесі қаралды

Облыс әкімі Даниал Ахметов Аягөз, Глубокое және Шемонайха аудандарындағы су тасқыны салдарынан үйсіз қалған тұрғындарға тезірек жаңа баспана беруді тапсырды, деп хабарлайды altaynews.kz.

Облыстық әкімдікте өткен селекторлық жиын барысында аудан-қала басшылары су басқан елдімекендердегі апаттың салдарын жою жұмыстары туралы сөз етті.

Мәселен, соңғы бірнеше күн бойы жауған жаңбырдың соңы Өскеменмен Риддер қалаларында, сондай-ақ Глубокое, Шемонайха, Катонқарағай, Зырян аудандарда су тасқынына ұласып, нәтижесінде бірқатар елдімекен тұрғындары қауіпсіз жерге эвакуацияланған. Аймақ басшысы мәлімдегендей, Глубокое ауданында қарғын су 175 үйді зақымдаған. Сонымен қатар Шемонайха ауданында 42, Өскемен қаласында 15 су астында қалған. Қазір су басқан үйлерде тиісті жұмыс жүргізіліп, жаңғдай қалпына келген. Дегенмен, облыс әкімі кейбір үйлер тұруға жарамсыз болып қалғанын айтып, құзырлы мекемелерге далада қалған тұрғындарды баспанамен қамту жағын тез арада шешу керектігін айтып, тиісті міндеттер жүктеді.

"Аягөз қаласында үй кезегінде тұрған әлі 19 отбасы бар екен. Бұл адамдар тезірек баспаналы болуы керек. Аудан басшысына үш күннің ішінде бұл мәселені шешуді тапсырамын. Сонымен қатар шаһардағы су тасқынынан зардап шеккен тағы 109 үйді жөндеу жұмыстарын бастау керек. Бұл жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамасы әзір. Сондықтан іске кірісу керек. Дәл осындай жұмыс Шемонайха және Глубокое аудандарында да жүргізілуі тиіс. Жер-жерде комиссиялар құрылды, шығын мөлшері анықталуда. Алайда, жергілікті әкімдер "құжаттар қашан дайын болады" деп қол қусырып отыра бермей, қазірден бастап сол елді мекендерде сатылымға шығарылған тұрғын үйлерді сатып алу жағын ойластыра беруі қажет. Қазіргі басты мақсат мектептер мен туыстарын паналап отырған жерлестерімізге тезірек үй беру екенін түсініңіздер", – деген облыс әкімі Катонқарағай ауданының әкіміне де Үлкен Нарында қарғын судан бүлінген үш үйдің иелеріне тезірек жаңа баспана тауып беруді жүктеді.

Аймақ басшысы, сондай-ақ алдағы уақытта ШҚО-да тиісті қайырымдылық қорлары құрылып, оларға облыстық қазынадан қомақты қаражат бөлінетінін жеткізді. Мәселен, Глубокое ауданына 60 миллион теңге бөлінетін болады. Сол сияқты Шемонайха ауданына да қажетті қаржылық қолдау көрсетіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу