Үкімет 2022 жылдың қорытындысын жасады

515

Биыл "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" атты жаңа ұлттық жоба бекітілді.  

Үкімет 2022 жылдың қорытындысын жасады Фото: primeminister.kz

Үкіметтің баспасөз қызметі республиканың әлеуметтік саласында биыл атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды, деп жазады inbusiness.kz.

Жыл басынан бері елде 37,7 мың балаға арналған 453 балабақша ашылды. Осылайша 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту үлесі 98,4%-ға жетті. Бұдан бөлек 10 желтоқсандағы жағдай бойынша 106 мың оқушыға арналған жаңа 201 мектеп ашылған.

"Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы қабылданды. Оның аясында 2025 жылға дейін 842 мың балаға арналған мүлдем жаңа форматтағы 400-ден астам мектеп салу жоспарланып отыр, олар қажетті оқу жабдықтарымен, пән кабинеттерімен, компьютерлік сыныптармен, зертханалармен және шеберханалармен, бейнебақылау және дыбыстық ескерту жүйелерімен, балаларға арналған жеке шкафтармен және т.б. толықтай жабдықталады", - делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, 2026 жылға қарай 100 мыңға жуық маман даярланады деп күтілуде.

Денсаулық сақтау саласына келер болсақ, 2022 жылы 87 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны ашылды. Атап айтқанда 4 емхана, 5 алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы, 24 дәрігерлік амбулатория, 11 фельдшерлік-акушерлік пункт, 43 медициналық пункт бар. Олардың басым бөлігі ауылдық жерлерде ашылды. Мысалы, Маңғыстау облысында 2 жаңа стационар, медициналық ұйымдар базасында 72 дәріхана, ауылдарда 161 дәріхана іске қосылған көрінеді.

"Сонымен қатар ауыл тұрғындары үшін профилактикалық тексерулер енгізілді, 49 тұқым қуалайтын ауруларды анықтау үшін жаңа туған нәрестелерді скринингтен өткізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды, балаларды кәсіби тексеру пакеттері кеңейтілді, "Жәрдем" және "Саламатты Қазақстан" медициналық пойыздарының жұмысы қайта жанданды, олар 147 станцияға барып, шалғайдағы елді мекендердің 77 мыңнан астам тұрғынына медициналық көмек көрсетті. Жалпы еліміз бойынша жедел жәрдем 4 млн-ға жуық шақыртуды қамтамасыз етіп, медициналық авиация 1 мыңнан астам рейс орындады, стационарларда 1,5 млн-ға жуық науқас емделді, 350 мыңнан астам ота жасалып, 200 мыңға жуық әйел босанды", - делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Мемлекет есебінен 18 мыңнан астам күрделі медициналық қызмет, 1 млн-нан астам қымбат медициналық қызмет көрсетілді. Гамма-пышақ және ядролық медицина орталығында 300-ден астам жоғары технологиялық ота жасалып, 400-ге жуық пациент емделді.

Өлім-жітім былтырғыға қарағанда 28%-ға, ана өлімі 3,5 есе төмендеді. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші шамамен 32%-ға, қатерлі ісіктен 9%-ға, жарақаттан 4%-ға, тыныс алу органдарынан 33%-ға, туберкулезден болатын өлім-жітім 17%-ға төмендеген.

Осы жылы 3 млн-нан астам адамның, атап айтқанда, дәрігерлердің жалақысы 30%-ға, мұғалімдерде – 25%-ға, бюджет саласының басқа қызметкерлерінде –20%-ға, өндірістік қызметкерлердің жалақысы 10-50%-ға артты. Сондай-ақ, 583 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

"Бұдан бөлек ғалымдардың жалақысы 2 есе өсіп, ғылыммен айналысатын жас мамандарды қолдауға 1 000-нан астам грант бөлінді. Дарынды ғалымдарға (35 жасқа дейін) жыл сайын 50 мемлекеттік ғылыми стипендия беріледі, ал 2023 жылы студенттер стипендиясының көлемін ұлғайтуды жалғастыру жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша таяу бес жылда шағын несиелендіруге қолжетімділікті кеңейту арқасында ауыл тұрғындарының табысын ұлғайту жөніндегі жобаға 1 трлн теңге бөлінеді", - деп жазылған хабарламада.

Бүгінде елімізде 2,2 млн-ға жуық зейнеткер бар, ал мемлекеттік жәрдемақыны 1,8 млн адам алады. Биыл 140 мыңнан астам отбасына немесе 724 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы 378 мыңнан астам балаға кепілдендірілген әлеуметтік пакет тағайындалды. Келер жылы 4,4 млн адам 4,6 трлн теңгеге ұлғайтылған әлеуметтік төлем алады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл бағытта "Отбасының цифрлық картасын" енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Оны пилоттық іске асыру шеңберінде 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 26 мың азаматқа әлеуметтік төлемдер тағайындалды.

"Елімізде бала күтімі бойынша ақылы демалыс мерзімі бір жарым жылға дейін ұзартылады. Бүгінгі таңда төлем мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Екі және одан көп бала туған кезде төлем әрбір балаға жеке тағайындалады. Бала өмірге келгеннен кейін республика азаматтарына автоматты түрде біржолғы жәрдемақы түседі: бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК (110 мың теңгеден астам) және төртінші балаға – 63 АЕК (150 мың теңгеден астам). Сондай-ақ мемлекет азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын тұрақты негізде іске асырады және жетілдіріп келеді. Биыл осы жұмыс аясында 900 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 250 мың жас бар. 2023 жылы шамамен 1 млн адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр", - деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу