Үкімет әлеуметтік желілер қызметін шектейтін қаулыға қол қойды

535

Енді тиісті министрлік желі пайдаланушыларының саны туралы сұрата алады.  

Үкімет әлеуметтік желілер қызметін шектейтін қаулыға қол қойды

Қазақстан үкіметі "Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кейбір мәселелері туралы" 2019 жылғы 26 наурыздағы №142 қаулысына толықтырулар енгізу туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Көрсетілген қаулымен бекітілген Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі туралы ережесі Қазақстан аумағында шетелдік онлайн-платформаның немесе лездік хабар алмасу сервисінің қызметін шектеу туралы өзгеріспен толықты.

Министрлік "онлайн-платформаны (Facebook сияқты әлеуметтік желілер) немесе лездік хабарлар алмасу сервисін (WhatsApp, Telegram қызметі) пайдаланушылардың саны туралы мәліметтерді тексеру мақсатында онлайн-платформадан немесе лездік хабар алмасу сервисінен бір тәуліктегі пайдаланушылардың саны туралы ақпаратты сұрата алады.

Одан бөлек, терроризмді қаржыландыруды анықтау тұрғысынан коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне талдау және мониторинг жүргізді. Ақпаратты қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға бере алады.
Сондай-ақ, сараптама тобын құрып, балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтінішті қарау қағидаларын әзірлейді және бекітеді.

Қаулы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілетін осы қаулының 1-тармағының бесінші, алтыншы, он төртінші, он бесінші, он алтыншы және он жетінші абзацтарын қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Айта кетелік, құқық қорғаушылар мен журналистер әлеуметтік желілерді бұғаттауға мүмкіндік беретін аталған заңға түзетулерді қабылдамауға шақырып, петиция жариялаған еді. Сарапшылардың айтуынша, өзгерістер сөз бостандығы мен ақпарат алуды шектейді. Сонымен бірге Facebook, Instagram, Telegram, Whatsapp сынды өзге де әлеуметтік желілерді пайдалануға кедергі болмақ.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу