Үкімет отырысында инфрақұрылымдар құру және дестинацияларды ілгерілету жөніндегі шаралар туралы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, Алматы өңіріндегі курорттар бірыңғай жүйеге біріктіріледі: 30 жаңа аспалы жол және 161 шақырым шаңғы трассасы пайда болады.
Бұл маусым қызған шақта жүктемені азайтуға және туристік ағымды 5 миллион адамға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Жоба жоғары экономикалық әлеуетке ие, өйткені тау шаңғысы туристерінің шығындары орта есеппен 350 долларды құрайды, бұл жағажай туристерінің шығындарынан 7 есеге көп.
– Щучье-Бурабай аймағында Қатаркөл және Жөкей көлдеріне жүктемені бөлу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы "Променад" аймағы, 10 шақырым веложолдар мен қарау алаңдары іске қосылды. Маңғыстауда "Жылы жағажай" және "Кендірлі" аймақтарына басымдық беріліп отыр. Абаттандырылған жаяу маршруттар, қарау алаңдары, визит-орталықтар құрылады. Туристік өнімді кеңейту есебінен қонақтардың болу ұзақтығын 10 күнге дейін ұлғайтуды және 2029 жылға қарай ағымды тағы 150 мың адамға ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті министр.