Үкімет аудиторлық тексерудің алдын ала қорытындысын жариялады

143

Қаржы министрі заң бұзушылықтардың көптеген фактілерін келтірді.

Үкімет аудиторлық тексерудің алдын ала қорытындысын жариялады Фото: Үкімет

Үкімет Мемлекет басшысының бюджеттік тәртіпті нығайту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде экономиканың негізгі салаларында қаражатты жұмсаудың тиімділігіне жүйелі талдау жүргізуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Премьер-министр Олжас Бектенов қаржы министрі Мәди Такиевтің жекеменшік мектептер мен агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру аудитінің алдын ала қорытындылары туралы баяндамасын тыңдады.

Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, жекеменшік мектептер саны 2020 жылғы 203-тен 2025 жылы 878-ге дейін артқан, ал оқушылар саны бес жыл ішінде алты есеге, яғни 53 мыңнан 322 мың балаға дейін өскен. Сондай-ақ аталған бағыт бойынша бюджет шығыстарының көлемі 2020 жылғы деңгейден (13,3 млрд теңге) 20 есе асып, 248 млрд теңгені құрады.

2025 жылдың соңына дейін жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйесі бытырақңы әрі бақылаусыз болғаны, бұл деректердің бұрмалануына және бюджет қаражатын теріс пайдалануға жағдай туғызғаны атап өтілді. Осыған байланысты өткен жылдың соңынан бері қаржыландыру барлық кезеңнің ашықтығы мен автоматтандырылуын қамтамасыз ететін Оrta-bilim.e-qazyna цифрлық платформасына ауыстырылды, бұл қазіргі кезеңде жаңа тәсілдің тиімділігін растады әрі қаражатты жосықсыз пайдалану тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Қаржы министрлігі жекеменшік мектептерді қаржыландыруға жүргізген аудит барысында бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Олардың ішінде: 

  • мектептер арасында бірнеше рет ауыстыру және тіркелу арқылы оқушылар санын көбейту;
  • ғимараттардың нақты сыйымдылығын есепке алмай оқушы орындарының санын негізсіз асыра бағалау (нормативтік сыйымдылықтан 3 есе асып кету);
  • бюджеттік қаржыландыру алу және сол арқылы салық төлемдерін азайту үшін салық есептілігінде кірісті кем көрсету арқылы еселенген пайда алу;
  • күрделі жөндеудің орнына ағымдағы және косметикалық жөндеу жүргізу (жобалау және сметалық құжаттамасы болмаған жағдайда) анықталды.

Қаржы министрі заң бұзушылықтардың көптеген фактілерін келтірді.

Аудит барысында анықталған деректер жекеменшік мектептердің едәуір бөлігі мемлекеттік қаржыландыруға қатысуды білім берудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету тетігі ретінде емес, бюджет есебінен пайда табу құралы ретінде қарастырғанын көрсетеді. Мұндағы заң бұзушылықтар мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалардың қадағаламауынан немесе тікелей қатысуымен орын алып отыр.

Қаржы министрлігінде аудиторлық іс-шаралар әлі де жалғасуда және олардың қорытындысы бойынша жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетігін жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар дайындалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу