Үкімет бәсекелес ортаға беретін мемлекеттік функциялар тізімін қабылдады

941

Үкімет бәсекелес ортаға беретін мемлекеттік функциялар тізімін қабылдады

Бүгін ҚР үкіметінің отырысы барысында "100 нақты қадам" ұлт жоспарының 97-қадамын орындауға әзірленген "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралды, деп хабарлайды primeminister.kz.

ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов заң жобасы аясында қарастырылған түзетулерді екі бөлікке бөліп қарастыруға болатынын айтты: біріншісі — мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру бойынша базалық тәсілдерді бекіту және екіншісі — бірінші функциялар тобымен жұмыстың қорытындысы бойынша түзетулерді енгізу.

Заң жобасының маңызды ережелері: мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға берудің мақсаттары, қағидалары және әдіс-тәсілдері, функцияларды іріктеу және беру критерийлері мен алгоритмі, функциялардың іске асырылу сапасын бақылау және оларды қайтару тетігі, функцияларды орындаушылар мен әлеуетті орындаушылардың құқықтары мен міндеттері және т. б.

Ұлттық, ақпараттық қауіпсіздікті қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау, қорғаныс, конституциялық құрылыс, адам құқығы мен еркіндігін, әділеттілікті және т. б. қорғауға бағытталған функциялар бәсекелес ортаға беруге жатпайтыны аталып өтті.

Азаматтарды мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы уақытылы ақпараттандыру үшін ҰЭМ мен "Атамекен" ҰКП сайттарында өткізілген функциялар туралы барлық қажетті мәліметтер жарияланады.

Қазіргі таңда ұсынылған алгоритм жеті негізгі кезеңнен тұрады: жыл сайын мемлекеттік органдардың қызметтерін іріктеу, Үкімет жанындағы комиссияның функцияларының тізімін алдын ала бекіту, бұқаралық талқылау, нарық әзірлігі мен реттеу ықпалының талдауын жүргізу, берілетін функциялардың тізімін бекіту, әзірленген ұсыныстарды заңнамалық негізде бекіту және мемлекеттік органдар функцияларының бәсекелес ортада іске асырылуына мониторинг жүргізу.  

"Ұсынылып отырған тәсіл функцияларды бәсекелес ортаға беруді сапалы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", — деді Тимур Сүлейменов.

Функциялардың бірінші тобы бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттеу ұйымдарына беруге: әділет министрлігінің бағалау қызметін реттейтін функцияларының топтары; энергетика министрлігінің экологиялық қызметті реттейтін функцияларының топтары; денсаулық сақтау министрлігінің азаматтардың ұсынылатын медициналық қызметтің сапасына қанағаттану деңгейін анықтау бойынша функциялары мақұлданды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу