Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Алматы облысына жұмыс сапарымен келді

634

Премьер-министр Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын салу, G4 City-ді дамыту және Қонаев қаласын жылумен жабдықтау жұмыстарымен танысты.  

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Алматы облысына жұмыс сапарымен келді Фото: primeminister.kz

Алматы облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылым және өнеркәсіпті дамыту барысымен танысып, "Жылу орталығы" жылумен жабдықтау кәсіпорнының жұмысын тексерді, деп хабарлайды inbusiness.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет басшысына жалпы ұзындығы 66 шақырым Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (ҮАААЖ) салу жөніндегі жобаны іске асыру туралы баяндалды. Бүгінгі таңда негізгі жер жұмыстары жүргізіліп, барлық көпірлер мен жолайырықтар салынды. Сонымен қатар автожолды абаттандыру және жолақысын алудың интеллектуалды жүйесін іске қосу, көлік құралдарын динамикалық өлшеу жұмыстары жалғасуда.

Премьер-Министр автомагистраль өңірдің экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етіп, инвестициялық және туристік әлеуетін арттыратынын атап өтті. ҮАААЖ Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымал көлемін ұлғайтуға, Алматыдағы көлік қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік береді, яғни қала экологиясына да оң әсерін тигізеді.

"Бұл – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан өте маңызды, алғашқы инвестициялық жобалардың бірі. Ол өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беріп, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырады. Әкімдік ҮАААЖ-ға дейінгі радиалды жолдарды тез аяқтауы керек. Үкімет өз тарапынан қажетті көмек көрсетеді", - деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр Gate City серіктес қаласындағы "Қоянқұс" тұрғын ауданында жалпы алаңы 290 мың шаршы метрден асатын 70 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Жұмыстарды 2024 жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланған.

Үкімет басшысына 2020 жылы газға ауыстырылған "Жылу орталығы" жылумен жабдықтау ұйымының жұмысы таныстырылды. Қазіргі уақытта ол шамамен 179,72 Гкал/сағ өндіреді және 30 мыңға жуық абонентті, бюджеттік ұйымдарды және басқа да объектілерді жылу энергиясымен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар Премьер-Министр "Кнауф Гипс Қапшағай" ЖШС-ға барды. Кәсіпорын 2003 жылы жеке инвестициялар есебінен салынды және гипстен жасалған бұйымдар, құрғақ құрылыс қоспаларын, сондай-ақ мырышталған профильдер шығарады.

"Шетелдік инвестицияларды тарта отырып, мұндай жобаларды іске асыру инвесторларды қолдау бағытында мемлекеттің сенімді көрсеткіші болып табылады. Облыс әкімдігі жаңа индустриялық жобаларды іске қосу үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыруы тиіс", - деді Смайылов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу