Премьер-министр Олжас Бектенов "Эгмонт" қаржылық барлау бөлімшелері тобының атқарушы хатшысы Жером Бомонмен кездесу өткізді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйым төрағасы Эльжбета Франков-Яскевичпен келіссөздері барысында бұрын белгіленген бағыттар шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Активтерді қайтару мен қаржылық барлаудың тиімділігін арттыруды қоса алғанда, кірістерді заңсыз шығаруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы бірлескен әрекет тетіктері қаралды.
Олжас Бектенов "Эгмонт" тобының қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі негізгі халықаралық платформа ретіндегі маңыздылығын атап өтті және Қазақстанның кірістерді заңсыз шығаруға, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық стандарттарға бейілді екенін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар жаһандық қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
А Н Ы Қ Т А М А: "Эгмонт" тобы – әлемнің 182 юрисдикциясының халықаралық бірлестігі. Ұйым өз мүшелеріне арнайы қорғалған байланыс арнасы арқылы ақпарат алмасу мүмкіндігін ұсынады.
2023 жылдан бастап Қазақстан "Эгмонт" құрылымында өңірлік өкіл қызметін атқарады.