Үкімет басшысы электрондық коммерцияға оқыту орталықтарын ашуды тапсырды

377

Былтыр елімізде е-коммерция көлемі 2,2 трлн теңгеден асқан.

Үкімет басшысы электрондық коммерцияға оқыту орталықтарын ашуды тапсырды Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында отандық онлайн-дүкендерді дамыту қажеттігі туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазіргі таңда әлем елдерінде электрондық сауда нарығы тоқтаусыз дамып келеді. 2025 жылға қарай әлемдегі интернет-сауданың үлесі бөлшек саудадан 25%-ке асып түседі деп күтілуде. Бұған онлайн және офлайн-дүкендердің бизнес-процестерінің өзгеруі, өнімді орналастыру мен жарнамалаудың жаңа форматтары ықпал етіп отыр. Мұның барлығы сатып алушыларды кеңінен тартуға мүмкіндік береді әрі олардың уақытын үнемдейді. Қазақстанда 2023 жылы е-коммерция көлемі 2,2 трлн теңгеден асып, барлық бөлшек сауданың 13%-ін құрады, - деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов елдегі нарықтың ауқымды бөлігі шетелдік интернет-алаңдарға тиесілі екенін жеткізді. 

"Осы мүмкіндікті өз өнімдерімізді әлемдік нарықта өткізудің қосымша каналы ретінде пайдалануымыз керек. Сонымен қатар отандық онлайн-дүкендерді де дамыту қажет. Ол үшін төлем жүйелерінің, көлік-логистика инфрақұрылымының және курьерлік қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету керек. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау да маңызды мәселе. Бұл мәселені шешу үшін қажетті түзетулер әзірленіп, олар "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заң жобасына енгізілді", - деді ол.

Премьер-Министр тиісті құжаттың қазір Парламент қарауында екенін баса айтты.

"Халықпен қатар бизнестің де цифрлық сауаттылығын арттыру қажет. Бұған Электрондық коммерцияға оқыту орталықтары ішінара ықпал етеді. Мұндай орталықтарды бүкіл республика бойынша ашу керек", - деп түйіндеді Смайылов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу