Үкімет басшысы: Ең бастысы – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және кірісті арттыру

Әлихан Смайылов Қостанай облысында "Ауыл аманаты" жобасы бойынша құрылған фермерлік шаруашылықтардың біріне барды. 

Үкімет басшысы: Ең бастысы – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және кірісті арттыру Фото: primeminister.kz

Қазақстан Премьер-Министрі Қостанай облысындағы "Ауыл аманаты" ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасының іске асырылу барысымен танысып, дәнді-бұршақты дақылдарды өңдейтін жаңа кәсіпорында болды. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап хабарлайды.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы Қостанай ауданы Заречное ауылында "Ауыл аманаты" жобасына қатысушысы Қымбат Кокиева құрған шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Бағдарлама бойынша ол 5,2 млн теңге алған, соның арқасында 13 бас ірі қара сатып алып, жұмысшы жалдаған.

"Ата-анам шағын шаруашылық жүргізетін. Сондықтан, мен жекеменшік үйде ауылшаруашылық жануарларын ұстауға қолайлы жағдай бар екенін жақсы түсінемін. Мен бұл ойымды айтқан кезде ата-анам қуана қолдады. Қазір біз үй-жайды жөндеп, жануарларға арнап бөлек ұңғыма жасадық. Келешекте шаруашылығымды ет өндіру бағытында кеңейтіп, мал басын көбейткім келеді. Сондай-ақ ет дүкенін ашып, жартылай фабрикаттар жасаумен айналысу ойымда бар. Болашақта өндірістік ет цехын ашқым келеді", — деді кәсіпкер.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған "Ауыл аманаты" жобасы ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға және табысын арттыруға бағытталған. Жоба шеңберінде жылына 2,5 пайызбен 5-7 жыл мерзімге шағын несие беріледі. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алушыларға ерекше көңіл бөлінеді. Жоба бойынша қаражатты қызметін жаңадан бастағандар да, жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер де ала алады.

Премьер-Министр "Ауыл аманаты" бағдарламасын іске асыру Жамбыл облысынан басталғанын еске салды. Аталған жоба өзін тиімді құрал ретінде көрсетті, сондықтан 2023 жылдан бастап оны еліміздің барлық аймақтарына тарату туралы шешім қабылданды.

"Біз бұл өте тиімді бағдарлама екенін көріп отырмыз. Үкімет бағдарламаны іске асыру үшін өткен жылы 100 млрд теңге бөлді. Бұл 12 мың шағын несие беруге мүмкіндік берді. Биыл бағдарламаны іске асыру жалғасын табады. 17 мың шағын несие беру жоспарлануда. Ең бастысы – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және кірісті арттыру, кооперация мен ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту. Жоспарларды жүзеге асыруда табыс тілейміз", — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, Премьер-Министр қуаттылығы жылына 170 мың тонна дайын өнім шығаратын "Кайдзэн" дәнді-бұршақты дақылдар өңдейтін жаңа кәсіпорында болды. Мұнда шикізаттан бастап қаптамаға дейін толық өндірістік цикл жолға қойылған. Жобаға 4 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 70 жұмыс орны ашылды.

Әлихан Смайылов Үкіметтің алдында агроөнеркәсіптік кешенде шығарылатын өнім көлемін екі есеге арттыру бойынша үлкен міндет тұрғанын атап өтті.

"Жуырда ғана біз осы тақырып бойынша үлкен жиын өткіздік, онда әрбір өңірдің биылғы және келесі жылдарға арналған нақты көрсеткіштерін белгіледік. Бұл егіс алқаптарын ұлғайтуға, су үнемдеу технологияларын іске қосу, минералды тыңайтқыштарды енгізу, қайта өңдеуді дамыту және басқа да салаларға қатысты. Бұл жоспарларды уақтылы әрі толық көлемде жүзеге асыру маңызды", — деп толықтырды ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу