Үкімет басшысы гидротехникалық құрылыстарды алдағы көктемге уақытылы дайындауды тапсырды

149

Бұл – өңір әкімдіктері мен мүдделі министрліктердің аса маңызды міндеті. 

Үкімет басшысы гидротехникалық құрылыстарды алдағы көктемге уақытылы дайындауды тапсырды Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдеріне су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарының алдын ала орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, гидротехникалық құрылыстар мен инфрақұрылымды алдағы көктемге уақтылы дайындауды қамтамасыз ету маңызды. Бөгеттер мен тоғандар және басқа да объектілер қазіргі талаптарға сай болуға тиіс. Бұл – өңір әкімдіктері мен мүдделі министрліктердің аса маңызды міндеті. Жалпы су тасқыны салдарын жою кезінде негізгі міндеттердің барлығы орындалғанын атап өткім келеді. Ешкімге де оңай болған жоқ. Тиісті қорытынды шығарып, алдағы уақытқа алдын алу шараларын айқындадық", - деді Олжас Бектенов.

Айтуынша, басты мақсат – табиғи апаттар мен катаклизмдерден келетін шығынды барынша азайтып, оған қарсы тұрудың тиімді жүйесін құру.

"Өңір әкімдіктері мен мүдделі мемлекеттік органдар инженерлік және көлік инфрақұрылымын, әлеуметтік объектілерді қалпына келтіру жұмыстарын толығымен аяқтауға тиіс. Су ресурстары министрлігі облыс әкімдерімен бірлесіп, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мен салуды белгіленген мерзімде аяқтасын. Цифрлық даму министрлігі 2025 жылғы ақпанның соңына дейін министрліктер мен әкімдіктердегі мамандарды оқыта отырып, "Су тасқындарын болжау  және модельдеу" ақпараттық жүйесін ендіруді қамтамасыз етуге тиіс", - деді Премьер-министр.

Бұдан бөлек Үкімет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігіне келесі жылдағы су тасқынының алдын алу бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарды үйлестіру жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.

"Өңір әкімдері су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарын алдын ала әрі сапалы орындауды қамтамасыз етуге тиіс. Ең алдымен, биыл күздің соңына дейін елді мекендер айналасында топырақ үю, құбырлар мен арықтарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды тексеру және су жіберу каналдарын дайындау жұмыстарын жүргізу қажет", - деді Олжас Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу