Алматыдағы "Көктөбе" телемұнарасы қолданыстағы сейсмикалық төзімділік нормативтеріне сәйкес келеді, деп жазады inbusiness.kz сайты "Қазақпарат" агенттігіне сілтеме жасап.
– 2024 жылы Алматы қаласының әкімдігі ұзындығы 0,388 шақырым болатын учаскеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жол төсемінің жай-күйі қанағаттанарлық деп бағаланған. Учаске 2027 жылдың соңына дейін мердігер ұйым – "Алматы Дормеханизация" ЖШС-нің кепілдігінде тұр. Телемұнараға апаратын қосалқы (кірме) жолдың құрылыс мәселесі Алматы қаласының әкімдігі тарапынан 2026 жылға арналған құрылыс жұмыстарын жоспарлау аясында қарастырылады. "Көктөбе" телемұнарасы "Қазтелерадио" акционерлік қоғамының балансында, – деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта кәсіпорын тарапынан телемұнараның тіреу конструкцияларына жоспарлы-алдын алу жұмыстары мен кешенді зерттеп қарау тұрақты негізде жүргізіледі.
– Тәуелсіз техникалық зерттеп-қараудың, оның ішінде 2024 жылы жүргізілгеннің нәтижелері бойынша телемұнараның қолданыстағы сейсмикалық төзімділік нормативтеріне сәйкес келетіндігі расталды. Конструкцияның қауіпсіздігіне, конструкциялық орнықтылығына және объектінің одан әрі пайдаланылуына қатысты қауіп-қатерлер анықталған жоқ. Тіреу конструкциялары техникалық тұрғыдан сенімді және жұмысқа жарамды күйде деп танылды. Кәсіпорын Қазақстан Республикасының ұлттық телерадио хабарларын тарату операторы ретінде бүкіл ел аумағында эфирлік тарату жүйелерінің іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, аса маңызды ақпараттық инфрақұрылым объектілерінің техникалық сенімділігін қолдап отырады, – деді Олжас Бектенов.