Үкімет басшысы: Мектептердің шамадан тыс жүктелуі байқалады

840

Үкімет басшысы: Мектептердің шамадан тыс жүктелуі байқалады

13 тамызда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңа өндірістік және әлеуметтік нысандар құрылысының барысымен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz премьер-министр сайтына сілтеме жасап. 

Үкімет басшысы "Астана Технополис" АЭА аумағындағы "YDA Industrial Park" көпбейінді зауытының құрылыс алаңына барды. Кәсіпорын медициналық жабдықтар, медициналық және кеңсе жиһаздарын, модульдік құрама құрылыстар, сондай-ақ қасбеттер, витраждар, терезелер мен есіктер өндіру бойынша интеграцияланған кешен болып табылады. Зауыт өнімдері тек ішкі нарыққа ғана емес, көрші елдерге де экспортталатын болады. Жалпы құны 46 млн доллардан асатын жоба шетелдік инвесторлар есебінен жүзеге асырылып жатыр. 

Премьер-Министр зауытты іске қосу қазіргі кезде шетелден әкелінетін өнім импортын алмастыруға оң әсерін тигізетінін атап өтті. 

Өз кезегінде "YDA Group" басқарма төрағасы Хусейн Арслан бес кәсіпорынның төртеуі Қазақстанда алғаш рет ашылатынын атап өтті. 

Сонымен қатар Үкімет басшысы екі ауысымда 2400 оқушыны қабылдау әлеуеті бар 1200 орындық жаңа жалпы білім беретін мектеп құрылысының барысымен танысты. Оқу орны халық тығыз орналасқан Есіл ауданында салынып жатыр, бұл №84 және №85 мектеп-лицейлерінде орын тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Мектепті жыл соңында пайдалануға беру жоспарланып отыр. 

Жалпы, биыл елордада 11 мектептің құрылысын аяқтау көзделген. Бұл қосымша 23 мыңнан астам оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. 

"Соңғы жылдары жыл сайын 400 мыңға жуық бала дүниеге келуде. Олардың бәрі қазіргі таңда мектепке барып жатыр, ал мектептердің шамадан тыс жүктелуі байқалады. Сондықтан мектеп құрылысын республикалық бюджеттен қаржыландыруды ұлғайту жоспарланып отыр. Елорданың жаңа мектептерінде жарақтандырудың жоғары стандарттары қалыптасқан. Балаларға қолайлы жағдайда оқуға мүмкіндік беру үшін елімізде салынып жатқан басқа да білім мекемелерінде осы стандарттардың болғанын қалаймыз", — деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов Ә. Бектұров көшесі бойындағы 577 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысына барды. Оның 189 пәтері апатты үйлердің тұрғындарына беріледі.  

"Соңғы үш жылда елордада тұрғын үй құрылысы бойынша бес жылдық көрсеткіш әжептәуір артты – 2019 жылдан бастап 8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елордада Қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі бес еседен астам ұлғайды", — деді Үкімет басшысы. 

Сондай-ақ Әлихан Смайылов Үкімет атынан құрылыс саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. 

"Құрылыс - отандық экономиканың маңызды және серпінді дамып келе жатқан саласы. Биыл бірінші жартыжылдықта құрылыс көлемі 9%-дан астам ұлғайды, 6,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, еліміздің құрылысшылары мен сала ардагерлеріне толайым табыс, зор денсаулық және амандық тілеймін!", — деді Әлихан Смайылов. 

Сондай-ақ жұмыс сапарына индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен елорда әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу