Бүгін үкімет отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен түскен адамдарды ауруханалар облыстық, қалалық науқас деп бөлмей, бірден қабылдауы керек екенін айтты, деп хабарлайды abctv.kz.
Үкімет басшысы менингитке қарсы екпе жүргізу мәселесіне де тоқталды.
"Қазір екпеге көп көңіл бөлінуде. Егу керек пе, керек емес пе деген мәселе туындап отыр. Ал мұны айтып, түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Екпені өз еркімен алып, егу мәселесі де халық арасында жиі талқыға түсуде. Екпенің бағасы өте қымбат. Бір облыста 40 мың теңгеге дейін жетсе, енді бір өңірде 20 мың теңге тұрады. Қазіргідей жағдай орын алып жатқан кезде министрлік те, әкімдіктер де қажетінше көмек көрсетіп, екпенің бағасын арзандатуы керек. Дүрбелең жасамау қажет", – деді премьер-министр.
Үкімет отырысында баяндама жасаған денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дүйсенбі күні орталық коммуникациялар қызметінде айтқан деректерін қайталады. Тек кеше менингиттен қайтыс болған адамдар саны 12 болса, бүгін 13-ке жетіпті.