Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бүгін ОҚО-ға барды, деп хабарлайды primeminister.kz.
Жұмыс сапары барысында бірқатар өндірістік нысандарға бару жоспарланып отыр. ҚР премьер-министріне өңірде индустриялық-инновациялық даму, "Нұрлы Жер", агроөнеркәсіптік кешенді дамыту секілді мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу қарқыны туралы баяндалады, сондай-ақ Индустрия 4.0 элементтерін енгізу нәтижелері ұсынылады.
"Жабай ата" ЖШС және "Сарыағаш жер сыйы" ЖШС агроөнеркәсіптік кәсіпорындарын аралау қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен АӨК мемлекеттік бағдарламасын және президенттің "Шағын несие беруді көбейту" төртінші әлеуметтік бастамасын іске асыру мәселелерін талқылайды.
Облыстық клиникалық аурухананың жаңартылған инфрақұрылымымен танысқаннан кейін өтетін дөңгелек үстелде өңірдің денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту және саланы қайта реттеу шаралары, МЖӘ және жеке қызметтер секторын дамыту мәселелері егжей-тегжейлі қаралады.
Шымкенттің ЖОО-лары мен колледждерінің басшылығы мен студенттері, студенттік ұйымдардың көшбасшылары ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевпен президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студенттердің жатақханада тұру жағдайларын жақсарту жөніндегі жаңа құралдарды талқылайды.