Жиын барысында Мемлекет басшысының Қызылорда облысының әкімі лауазымына екі кандидатты: Ардақ Зебешев және Мұрат Ергешбаевты ұсыну туралы хаты оқылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.


Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша 81% депутат Мұрат Ергешбаевтың кандидатурасын қолдады. Ал, 19% депутат Ардақ Зебешевке дауыс берді.

Олжас Бектенов Президенттің өңір басшылығына бірқатар маңызды міндет жүктеді. Олардың қатарында халықтың әл-ауқатын арттыру, экономиканы әртараптандыру, цифрландыру, инвестиция тарту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бар.
Премьер-министр Қызылордада қуаты 240 мегаватт болатын жаңа газ жылу электр орталығы іске қосылғанын атап өтті. Жобаға 215 миллиард теңге инвестиция салынған.
Сондай-ақ Қызылорда қаласын ыстық сумен қамтуға республикалық бюджеттен 26 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Үкімет басшысы ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу мен шағын және орта бизнесті қолдау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
"Президенттің бастамасымен елімізде маңызды саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізілуде. "Әділетті Қазақстан" тұжырымдамасының нәтижелі жүзеге асырылуы осы отырған бәрімізге байланысты екенін айтқым келеді.
Мемлекет басшысы Қызылорда облысының дамуын үнемі назарда ұстап келеді. Мақсаттарға қол жеткізу үшін барлық құрылым мен қоғам бірлесіп жұмыс істеуі қажет", – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ШОБ-тың өңір экономикасындағы үлесі 24,7% болған. Сонымен қатар соңғы төрт жылда әлеуметтік салада жүз миллиард теңгеден астам бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілмегені айтылды.
ҚР Президентінің тиісті Жарлығымен Қызылорда облысының әкімі болып Мұрат Ергешбаев тағайындалды.