Үкімет басшысы Президентке елдің 2023-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды

556

Мемлекет басшысы Премьер-Министр Әлихан Смайыловты қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорда сайтына сілтеме жасап.  

Үкімет басшысы Президентке елдің 2023-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2022 жылдың қаңтар-шілде айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндалды. 

Әлихан Смайыловтың айтуынша, осы аралықта ЖІӨ өсімі 3,2 пайызды құрады. Тауарлар өндірісі 3,3 пайызға, көрсетілген қызметтер 2,4 пайызға артты. Құрылыс, сауда, өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ көлік және байланыс салаларында айтарлықтай өсім бар. 

Премьер-Министр Президентке Үкіметтің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тежеу шараларына қатысты мәлімет берді. Үкімет 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігі жоспарын орындап келеді.

Премьер-Министр инфляция деңгейін төмендету, экономиканы демонополизациялау, елдің транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту жөніндегі шаралар туралы баяндады. Әлихан Смайылов құны 22,2 триллион теңге болатын инвестициялық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Президентке Қазақстанның 2023-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды.

Президент құрылымдық реформалар мен экономиканы демонополизациялауды жалғастырып, кәсіпкерлікке қолдау көрсету қажет екенін айтты. Сондай-ақ халықтың кірісін арттыруды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу