Премьер-министр Олжас Бектенов министрлер мен әкімдерге жиналған өнімді сақтау мен өткізу бойынша бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ендігі басты міндет – жиналған өнімді сақтау мен өткізу. Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жиналған астықты шашпай-төкпей дер кезінде тасымалдауды, оны кептіріп, элеваторларға жеткізуді қамтамасыз етуі қажет. Барлық астық қабылдау кәсіпорындары үздіксіз жұмыс режиміне көшуге тиіс. Дәнді-дақылдарды сақтау мәселесін ерекше назарға алу қажет. Сондай-ақ фитосанитариялық қызмет астық сапасына қатаң бақылау жасауға тиіс. Болашақ егінге арналған тұқым қорын 100% қамтамасыз ету қажет", - деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Премьер-министр көлік министрлігіне "Қазақстан темір жолы" компаниясымен бірге үздіксіз тасымалды ұйымдастырып, вагондармен қамтамасыз етудің нақты кестесін бекітуді тапсырды.
"Сауда министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, өндірілген өнімді өткізуді қамтамасыз етуге тиіс. Бұл ретте, дәстүрлі нарықтармен қатар, жаңа нарықтарға да экспортты ұлғайту мәселесін пысықтаған жөн. Өңір әкімдіктері келесі жылы қолданылатын минералды тыңайтқыштардың көлемін 1,9 млн тоннаға дейін жеткізуі қажет. Өнеркәсіп министрлігі отандық өндірушілермен бірге диқандар үшін тыңайтқыштың қажетті көлемін шығаруға алдын ала қамдануы керек. Өз кезегінде өңір әкімдіктері жеткізу шарттарына уақытылы қол қойып, қоймаларда тыңайтқыштардың қажетті қорын қамтамасыз етсін", - деді ол.