Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі өсу қарқыны бойынша тау-кен өндіру саласынан озып кететінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны тау-кен өнеркәсібінің өсімнен жоғары болады. Өңдеу өнеркәсібінің өсуіне металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін өндіру негізгі үлес қосады", – деді Серік Жұманғарин.
Экономиканың өсу драйверлерінің бірі ауыл шаруашылығы болады. Оның жыл сайынғы орташа өсуі кемінде 5% болады. Құрылыста өсу қарқынының 2027 жылы 16%-дан 2029 жылы 17,3%-ға дейін артуы болжанады.
Вице-премьер бұған көліктік-логистикалық, энергетикалық және су инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөніндегі жобаларды жоспарлы жүзеге асыру, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік-инфрақұрылымды жаңғырту ықпал ететінін атап өтті.
Бұл ретте болжам бойынша инфляцияның біртіндеп төмендеуі қарастырылған. 2027 жылы ол 7,5–9,5%-дық дәлізде, ал 2028-2029 жылдары 6-8%-дық дәлізде болады деп күтілуде.
Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы негізінде 2027-2029 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің болжамы қалыптастырылды.