Үкімет дихандардан бидай сатып алуға қаржы бөлді

340

Тиісті қаулыға Премьер-Министр Әлихан Смайылов қол қойды.

Үкімет дихандардан бидай сатып алуға қаржы бөлді Фото: inbusiness.kz

Ел Үкіметі шаруаларды қолдау бойынша қажетті шараларды қабылдауда. Үкімет резервінен отандық аграрийлерден 4-ші, 5-класты және классыз бидай сатып алу үшін қаражат бөлінді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ҚР Үкіметіне сілтеме жасап.

Құжат Мемлекет басшысының биыл қолайсыз ауа райынан зардап шеккен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау бойынша жедел шараларды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде қабылданды.

Атап айтқанда, қаражат Азық-түлік корпорациясының қазақстандық аграрийлерден 350 мың тонна 4-ші, 5-класты және классыз бидайды тікелей сатып алуына бөлініп отыр. Қаражат көлемі 31 млрд 375 млн теңгені құрайды.  

Бүгінде дәнді дақылдарды жинау жұмыстары аяқталып, 16,9 млн га алқаптан дәнді және бұршақ дақылдары жиналды. 9,8 ц/га орташа өнімділікте 16,6 млн тонна бидай, оның ішінде орташа өнімділігі 8,6 ц/га 11,5 млн тоннаға жуық астық бастырылды.

Сонымен қатар егін орағы кезінде үздіксіз жауған жауын-шашын жұмыстың қарқыны мен өнім сапасына әсер етіп, шаруалар қиын жағдайға тап болды.  Орын алған жағдай ауыл тұрғындарының жиналған өнімді  өткізуіне, сәйкесінше, келісімшарттар бойынша міндеттемелерін орындауға кері әсерін тигізді.

Қазіргі уақытта өткен жылдан қалған көлем мен ішкі тұтынуды ескере отырып, жиналған өнім отандық нарықты қамтамасыз етуге және белгілі бір көлемде экспортқа, оның ішінде ұн түрінде жөнелтуге жеткілікті.

Еске салайық, жалпы 2023 жылы Үкімет АӨК-ті субсидиялауға барлық көздерден 494 млрд теңге, оның ішінде Үкімет резервінен өсімдік және мал шаруашылығын субсидиялауға қосымша 60 млрд теңге бөлді.

Сондай-ақ "Ауыл аманаты" бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бағытталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу