Премьер-министр Олжас Бектенов аграрлық секторды цифрландыру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігі Бәйтерек холдингімен бірлесіп, өтінімдерді қарау рәсімдерін оңтайландыруды және диқандарды барынша қамти отырып, жеңілдетілген қаржыландыруды ашық ұсынуды қамтамасыз етуді тапсырды.
"Аграрлық секторды цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үкімет егіс алқаптарын мониторингтеу үшін дрондар сатып алуға қаражат бөлді. Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары, сондай-ақ Цифрлық даму министрліктері ауыл шаруашылығы дақылдарын мониторингтеуге, тәуекелдерді ерте анықтауға бағытталған цифрлық құралдарды енгізуді, оның ішінде отандық технологиялық шешімдер мен стартаптарды ынталандырып, жұмысты жандандыру қажет", - деді Премьер-министр.
Бұдан бөлек фермерлерді жанар-жағармай материалдарымен үздіксіз жабдықтау мақсатында облыс әкімдіктеріне жүйелі мониторингті қамтамасыз ету тапсырылды.
"Жеңілдетілген дизель отынының жөнелтілген және қалған көлемі туралы жаңартылған ақпаратты энергетика министрлігіне апта сайынғы негізде ұсыну тапсырылады", - деді Олжас Бектенов.