Оның сөзінше, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ғылымның рөлін арттыру әрқашан маңызды саналады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Президент экономиканың түрлі салаларын дамытуға ғылыми әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанын сынға алды. Біз қолда бар ғылыми әзірлемелерге сүйеніп, өзекті зерттеулерге тапсырыстарды жедел қалыптастыруға тиіспіз. Жуырда мен Ғылым академиясының өкілдерімен кездесу өткізуді жоспарлап отырмын, онда өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін талқылаймыз, – деді Олжас Бектенов.
Мұнан бөлек Премьер-министр Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда жаңа ЖЭО жобаларын жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталғанын ерекше атады.
– Осыған байланысты "Самұрық-Қазына" қорына қаңтар айының соңына дейін Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында Жылу электр орталықтарын салу жобаларын жүзеге асыру бойынша келісімшарттарды бекітуді тапсырамын. Құрылыс жұмыстарына алдымыздағы сәуір айында кірісу керек. 2-ші ГРЭС-ті кеңейту бойынша құрылыс барысын ерекше бақылауға алу қажет. Сондай-ақ, биыл Курчатовтағы Жылу электр орталығы және Екібастұздағы 3-ші ГРЭС жобаларының техникалық құжаттамасын дайындауды аяқтау керек, – деп тапсырды Премьер-министр.