Геология саласында кадр тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Геолог мамандығын оқушылар арасында насихаттау аясында "Жас геолог" Қоғамдық қоры құрылып, жыл сайын халықаралық олимпиада өткізіледі. Елімізде қатты пайдалы қазбаларды барлау саласында мамандарды дайындайтын жалғыз колледж – Абай облысындағы геологиялық барлау колледжі. Ол 5 мамандық бойынша кадрларды дайындайды. Құрылыс саласында да осыған ұқсас жұмыстар жүргізілуде", – деді министр.
Светлана Жақыпованың сөзінше, соңғы 2 жылда Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы мен BI University ынтымақтастығы аясында 400-ден астам маман біліктілікті арттыру курстарынан өткен.
"Өткен жылы WorldSkills Kazakhstan чемпионатына колледжде оқитын 550 студент қатысты. Желтоқсан айында Президент Жарлығымен 4 ведомстволық марапат құрметті атақ мәртебесіне ие болды. Атап айтқанда, бұл – "Еңбек сіңірген геолог", "Еңбек сіңірген кенші", "Еңбек сіңірген құрылысшы" және "Еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері", – деп атап өтті ведомство басшысы.