Үкімет химия өнеркәсібіндегі жаңа өндірістерді іске қосуды жеделдетеді

194

Жаңа өндірістердің іске қосылуы да саладағы динамикаға үлес қосады.

Үкімет химия өнеркәсібіндегі жаңа өндірістерді іске қосуды жеделдетеді Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың кезекті отырысында химия өнеркәсібін дамыту мәселесі қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Негізгі кәсіпорындардағы болжамдар мен салымдар туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков баяндады. 2025 жылғы қорытынды бойынша салада 9,8% өсім бар. Өндіріс көлемі – 1,5 трлн теңге. Бұл 2024 жылғы деңгейден 41%-ға жоғары (1,1 трлн теңге). Өңдеу секторындағы химия өнеркәсібінің үлесі бір жыл бұрынғы 4,6%-ға қарағанда 5,2%-ға өскен. Жалпы, соңғы бес жылда сала тұрақты оң динамиканы көрсетіп отыр.

Кәсіпорындардың болжамына сәйкес, 2026 жыл соңында өнімнің барлық негізгі түрлері бойынша өсім болуы мүмкін, мәселен: аммофос +3,8%, селитра +8,2%, сары фосфор +6,7%, полипропилен +25,2%, күкірт қышқылы +20,1%, натрий цианиді +70,5%, хром оксиді +0,6% , каустикалық сода +10,4%.

Биыл "Еврохим" ЖШС-нің жаңа күкірт қышқылы зауыты қосымша 600 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге мүмкіндік бермек. Екінші жартыжылдықта Жамбыл мен Түркістан облыстарында натрий цианидін өндірудің екінші кезеңін, сондай-ақ сутегі асқын тотығы мен натрий персульфатын өндірудің жаңа қуатын іске қосу жоспарлануда.

Саладағы оң динамиканы сақтау үшін жүйелік мәселелерді шешу қажет. Вице-министр Олжас Сапарбековтың айтуынша, техникалық күкіртке деген жоғары сұранысқа орай ішкі нарықты барынша қамтамасыз етіп, бәсекеге қабілетті баға қалыптастыру тетігін әзірлеу үшін Энергетика министрлігімен және ҚазМұнайГазбен бірлесіп жұмыс істеу талабы туындап отыр. Жыл сайын шамамен 4 млн тонна күкірт өндіріледі десек, оның 10%-ы (400 мың тоннасы) ішкі тұтынуға кетеді. Ал 2030 жылға қарай кейбір кәсіпорынның қажеттілігі 2 млн тоннаға жетуі мүмкін. Бұл өндірісті кеңейту мен саланы дамытуға жаңа мүмкіндік береді.

Талқылауға Каустик, "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК, ҚазАзот және Қазфосфат компанияларының өкілдері қатысып, саланы дамытудағы өзекті мәселелерді атап өтті.

Мәселен, Қазфосфат инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, 2029 жылға қарай тыңайтқыш шығаруды екі есе арттыруды жоспарлап отыр. Осы жоспар шеңберінде Тараз қаласында қуаты 800 мың тонна болатын күкірт қышқылы зауыты салынуда. Жаңатас қаласындағы химиялық кешенде 800 мың тоннадан екі цех құру көзделген. Өсуді қамтамасыз ету үшін шикізат базасын нығайту қажеттігі атап өтілді.

Бизнес өкілдері көтерген тақырыптардың ішінде электр энергиясы бағасын белгілеудің ашықтығы, өйткені, олардың нақты құны бір-екі айдан кейін ғана белгілі болады, сондай-ақ жаңа өндірісті іске қосуды күрделендіре түсетін прекурсорлар айналымын лицензиялаудағы қиындықтар бар.

Вице-премьер кеңес соңында бейінді мемлекеттік органдарға бизнес көтерген мәселелерді пысықтауды, соның ішінде кәсіпорындарға өндірісті жоспарлау үшін тарифті тәуліктің қараңғы және жарық уақыттары  бойынша саралау мүмкіндігін беруді, ішкі нарықты күкіртпен қамтамасыз етуде бәсекелес бағамен артықшылық беру тетігін әзірлеуді, толлингтік операциялар бойынша түзетулер енгізуді жеделдетуді және ұлттық режимнен алып тастау нормасын ұзарту жөнінде ұсыныс дайындауды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу