Үкімет зейнетақы қорындағы қаржыға қол сұғуы мүмкін бе?

467

Ел билігі қаражат қайтарылады деп сендіріп отыр.

Үкімет зейнетақы қорындағы қаржыға қол сұғуы мүмкін бе? Фото: inbusiness.kz

Премьер-Министр Әлихан Смайылов зейнетақы қорындағы 1,5 трлн теңгені инфрақұрылымдық жобаларға бағыттауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Atameken Business тілшісі Үкімет басшысынан "Жуырда зейнетақы жинағындағы 1,5 трлн теңге энергетикалық инфрақұрылымдарға бағытталуы мүмкін екені айтылды. Бұл қаражаттың қайтарылуына қалай кепілдік бересіздер? Бұл бюджетте ақша жоқ екенін, салдарынан Үкімет зейнеткерлердің қалтасына қол сұғуға мәжбүр екенін білдіре ме?" деп сұрады. 

Премьер-Министр зейнетақы қорының міндеті салымшылардың зейнетақы активтерінің сақталуын қамтамасыз ету әрі оны көбейту екенін атап өтті.

"Инвестициялық қорда тиісті инвестициялық стратегия қабылданды. Салымшылардың активтерін бұл қаражатты қандай да бір кіріс құралдарына инвестициялау арқылы көбейтуге болады. Осы инвестициялық стратегияға сәйкес зейнетақы қоры осы активтердің көлемін ұлғайту үшін салымшылардың қаражатын инвестициялауды жүзеге асырады. Қазіргі таңда Үкімет қаржыландыруды қажет ететін индустрияландыру, көлік, инфрақұрылым саласындағы ірі жобаларды қарастырып жатыр. Біз қаржыландырудың әртүрлі көздерін қарастырудамыз. Оның ішінде зейнетақы қорының қаражаты да бар. Біз бұл мәселелерді экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияда талқылап, жалпы алғанда бұл мәселелер қолдауға ие болды", - деді Әлихан Смайылов Сенат кулуарында.

Журналист "Үкімет бұл қаражаттың қайтарылуына қалай кепілдік беретінін" нақтылады.

"Егер Үкімет қарыз алса, онда республикалық бюджет немесе квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен өз борыштары бойынша қаражаттың қайтарымдылығын міндетті түрде қамтамасыз етеді. Үкімет қарыз алатын болса, онда ол үкіметтік қарызда және қарызға қызмет көрсету бюджетінде көрсетіледі. Бұдан бөлек тиісті квазимемлекеттік компанияның бюджетінде де қарызға қызмет көрсету бабы бар. Егер міндеттемелер алынса, онда міндетті түрде осы қарызды өтеуге қаражат көзделеді", - деп түсіндірді Үкімет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу