"Іскер аймақ" бағдарламасы ауылдық жерлерде және шағын қалаларда кәсіпкерлікті дамытуды көздейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Аталған бағдарламаға сәйкес, біз жай ғана субсидия бөлу әдісінен, өңірлердің ортақ жауапкершілігі моделіне көшеміз. Біздің мақсатымыз – тек несие беру емес, тұрақты өндірістер құрып, өнім шығару көлемінің нақты өсімін қамтамасыз ету, – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Сол себепті, Қаржы министрлігіне "Іскер аймақ" бағдарламасын қаржыландыруды қамтамасыз ету тапсырылып отыр. Бағдарламаны жергілікті бюджеттер есебінен де қоса қаржыландыру көзделуі қажет. Өңір әкімдіктері бірінші деңгейдегі субсидияларды (бюджеттің 70%-ы) бөлу үшін аудандардың ерекшелігін ескере отырып, барынша қысқа мерзімде басым салалардың тізбесін қалыптастыруы шарт.
Бұған дейін Үкіметтің "Іскер аймақ" шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын ұсынып отырғанын жаздық.