Сенат спикері Мәулен Әшімбаев кейбір базалық инфрақұрылымдық және басқа да стратегиялық шығыстарды Ұлттық қордан қаржыландыру керек деп есептейді.
"Бірақ бұл ретте біз Мемлекет басшысының Ұлттық қорды 100 млрд долларға жеткізу туралы тапсырмасын орындауымыз керек. Қазір Ұлттық қор қаражатының төмендеу тенденциясын байқап отырмыз. Соңғы сегіз жылда Ұлттық қор 73 млрд доллардан 57 млрд долларға дейін азайды, яғни төмендеу үрдісін көріп отырмыз", – деді Мәулен Әшімбаев.
Бірақ Сенат спикері ел қазынасын 100 млрд долларға жеткізу міндеті тұрғанын еске салды.
"Бұл жерде біздің міндетіміз - Ұлттық банк басшысы айтқандай, Ұлттық қорды барынша көбейту, сол арқылы балаларға бөлінетін қаржыны ұлғайту. Осыған байланысты алдағы кезеңде қаржылық тәртіп бәріне қажет шығар. Жаңа депутаттар, Мәжіліс жаңа күн тәртібімен келеді, жаңа партиялар ақша сұрайды. Олардың өз міндеттері бар екені анық, олар сайлаушыларға жұмыстарын көрсетуі керек. Бірақ бүгінде Ұлттық қорды пайдалану жағы, жалпы экономиканы қорландыру және дамыту жағы күрделі. Сондықтан әр адам қаржылық тәртіпке келуі керек", – деп түйіндеді Сенат спикері.