Үкімет кәсіпкерлерге 60 мың теңге "таратуды" бастады

901

Мемлекет кассалық аппарат не терминал сатып алғысы келетін бизнесмендерге 60 мың теңге береді.

Үкімет кәсіпкерлерге 60 мың теңге "таратуды" бастады

Мемлекет кассалық аппарат не терминал сатып алғысы келетін бизнесмендерге 60 мың теңге береді.

Бұл туралы қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

Әрине, бұл ақшаны Үкімет бизнесмендерге банкноттар түрінде санап бермейді, салығын бір рет азайту арқылы қайтарады.

Сондықтан акция "Цифрлық технологияларды қолданып, салық жеңілдігіне ие бол!" деп аталып отыр.

Таяуда осы мақсатта Салық кодексіне түзетулер де енгізілген екен. Оған сәйкес, деректерді тіркеу және онлайн беру функциясы бар 1 бақылау-кассалық машинасын (онлайн БКМ) сатып алған кәсіпкерге жеке табыс салығының сомасынан 60 000 теңге көлемінде қаражат шегеріледі. Бірақ кейбір кәсіпкерлерге бұдан да аз тиюі мүмкін: себебі, қайтарылатын сома кәсіпкер төлеген салық сомасының 50 пайызынан асып кетпеуі шарт.

Мемкірістер органы осы акция тек биылғы 1 жыл ішінде ғана жүзеге асырылатынын ескертеді, себебі онлайн БКМ-ды жаппай орнату 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін аяқталуы тиіс. Яғни, келесі жылы орнататындар 60 мың теңгеге қол жеткізе алмайды.

Алайда бірден үш компонентті интеграцияланған жүйені орнататын бизнесмендерге басқа науқан жарияланып отыр.

Яғни, толық цифрланып, онлайн БКМ, POS-терминал, ERP жүйесін қатар сатып алғандарға жеке табыс салығының сомасы 60 мың теңгеге дейін, бірақ есептелген салық сомасының 50 пайызынан аспайтын көлемде азайтылады. Және бұл акция 3 жыл ішінде жүзеге асырылады: 2019 жылдың 1 қаңтарынан 2022 жылғы 1 қаңтарына дейінгі мерзімді қамтымақ.

Inbusiness порталының анықтамасы:

Үш компонентті интеграцияланған жүйе – деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машинасынан, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға арналған жүйеден (құрылғыдан), сондай-ақ сауданы басқаруды, қызметтер көрсетуді, жұмыстар орындауды және тауарлардың есепке алынуын автоматтандыру жүйесімен жарақтандырылған жабдықтан, құрылғыдан немесе интеграцияланған жүйенің барлық үш құрамдасын алмастыратын бағдарламалық-аппараттық кешеннен тұратын интеграцияланған жүйе болып табылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу