Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған тапсырманы Ұлттық Құрылтайдың Бурабайда өткен отырысында берген еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бағдарлама мемлекеттің балалар құқықтарын қорғау саласындағы жұмысының тұрақты әрі жүйелі жалғасы болып саналмақ.
– Кешенді құжат негізгі салалардың барлығында балалардың құқықтарын қамтамасыз етуге және қорғауға қатысты қолданыстағы тетіктерді біріктіруге әрі жүйелеуге бағытталған.
"Қазақстан балалары" ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтады және балалар мүддесіне бағдарланған саясатты дамытуға қатысты мемлекеттік тұрғыдан бірыңғай көзқарасты қалыптастырады, – деп жазды Ерлан Қарин.
Негізінен, "Қазақстан балалары" бағдарламасы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының бірқатарына сәйкес келеді.
Бағдарламаны іске асырудың 2026-2030 жылдарға арналған Іс-қимыл жоспары жаңа 158 нақты шарадан тұрады. Жоспар балалардың құқықтық қорғалуын, қауіпсіздігін және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған.
– Жоспар аясында денсаулық сақтауды қорғау, балалар инфрақұрылымын кеңейту, балалар маршрутына цифрлық сүйемелдеу жүйесін енгізу, онлайн қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары және т.б. қарастырылған.
Балалар құқықтары саласындағы нормативтік құқықтық базаны одан әрі іске асыру және жаңарту көзделіп отыр.Жалпы алғанда, "Қазақстан балалары" бағдарламасы – балалардың құқықтары мен болашақ ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз ету бағытындағы негізгі мемлекеттік саясатқа ықпал ететін кешенді әрі ұзақ мерзімді құжат, – дейді Мемлекеттік кеңесші.
Осылайша, балалардың қорғалуы мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелер басты бағыттардың бірі саналып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше назарында тұр.