Ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, кезінде аты дүркіреп тұрған отандық зілтеміршілердің бірі Алмас Өтешов бүгінде Алматыда күзетші қызметін атқарып жүр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұрынғы спортшы "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында қонақ болып, қазіргі денсаулығы жайлы айтып берді.
"Кезінде бәріміз сол зіл темірді көтердік қой. Илья Ильин бар...Ал, Владимир шыдамай асылып өліп қалды. Неге? Қалай? Бізді үкімет кезінде пайдаланды. Туды көтердік. Одан кейін ешкім болмай қалдық. Қанша денсаулығымызды бердік, омыртқадан омыртқа қалмады, тізеден тізе қалмады. Қазір мен үкіметтен ешқандай өтемақы алып жатқан жоқпын. Қызылордадан үш бөлмелі пәтер берді. Болды. Қазір Алматыда күзетші болып жүрмін", - дейді Алмаз Өтешов.
Сондай-ақ допинг туралы көпшілік біле бермейтін мәліметтерді айтып берді.
"Допинг деген дәрі жоқ. Аспирин ішсең де ол допинг болып саналады. Бірақ оның ішінде тестостерон бәрін салады. Допингті тексеретіндермен біздің министрлік келіседі. Ақша бәрі. Бізді тексеруге келгенде "двойник" деген болады бізде. Менің "двойнигім" Айдос деген мысалы інім болды. Алмас Өтешов болып ол тест тапсырады. Илья Ильиннің ағасы бар - Алексей тапсырады. Олар таза болып шығады. Бәрі жемқорлық", - дейді ол.
Әлем чемпионатының күміс жүлдегері допинг дауынан кейін мансабы аяқталған соң ешкімге керек болмай қалғанына өкпелі. Өмірін де, денсаулығын да сүйікті спортына арнаған Өтешов талай қиындықты бастан өткеріп, тіпті өзіне қол жұмсауға дейін барған.