Үкімет қылмыстық атқару жүйесіне назар аудару қажет – депутат

333

 Абзал Құспан түрмелердің жағдайы туралы айтты.  

Үкімет қылмыстық атқару жүйесіне назар аудару қажет – депутат Фото: mazhilis_kz

Қазақстанда ҚАЖ (УИС) қарасты 1500-дей ғимарат болса, соның 60%-ның (900-дей ғимарат) жағдайы қанағаттанарлықсыз, ал, 20% (338 ғимарат) – апаттық жағдайда.  

"Тәуелсіздік алғалы еліміз бойынша жаза өтейтін бірде-бір жаңа мекеме салынбаған, тергеу изоляторына келетін болсақ, Алматы қаласында ғана бір ғимарат 2012 жылы пайдалануға берілді.

Ал жаңа, халықаралық стандарттарға сай келетін ғимараттар салу қажеттілігіне қатысты мынадай мысалдар келтірейін;

Жаза өтейтін мекемелер негізінен жүздеген сотталған бірге жататын барак типті болып келеді, ол өз кезегінде түрмелік субмәдениет пен теріс діни ағымдардың кеңінен таралуына жағдай тудырады, 2021 жылы Маңғыстау облысындағы қатаң режимдегі колония құлап, үш адам үйінді астында қалып өлді, былтырғы жылы Оралдағы тергеу изоляторында ерлердің қабырғаны тесіп әйелдер жағына өтіп жүргені туралы видео бүкіл әлеуметтік желіге тарады, өйткені ғимарат өте ескі, Екатерина II-нің  тапсырмасымен салынып, 19 ғасырда пайдалануға берілген, содан бері түрме қызметін үзіліссіз атқарып келеді, қазіргі таңда апаттық жағдайда, бірақ түрмелердің ең ескісі ол емес, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторы 18 ғасырдан бері қолданыста. Асылы бұлар түрме емес, әлдеқашан музей қызметін атқаратын ғимараттар", - деді Депутат.

Оның айтуынша Орал қаласында бұдан 11 жыл бұрын мемлекеттен қаржы бөлініп 23 га аумақта жаңа тергеу изоляторының құрылысы басталған , алайда орта жолдан жергілікті прокуратура құрылысы аяқталмаған обьектіден 1,5 млрд-қа шығын тауып, компанияның атқарушы директорын соттап, нәтижесінде құрылыс қаңтарылып қалды. Соның салдарынан, аяқталмаған құрылысты аяқтау үшін бюджеттен қосымша тағы шамамен 6-10 млрд төңірегінде қаражат керек делінген, себебі құрылыс нысаны осы оншақты жыл көлемінде тозып, тоналған.        

"Бірақ, қалай болғанда да жаңа тергеу изоляторының құрылысын аяқтау қажет, себебі, патшалық Ресей кезінен келе жатқан ескі изолятор апаттық жағдайда, одан басқа батыстың төрт облысының тұрғындары жазасын өтейтін қауіпсіздігі жоғары мекеме елді мекен ішінде заңсыз орналасқан.

Еліміздің астанасында да жағдай оңып тұрған жоқ. Қаладағы Үкімет, министрлік үйлерін айтпағанда, барлық мемлекеттік органдарға әдемі ғимараттар салынып, пайдалануға берілді, алайда пенитинциарлық жүйеге көңіл бөлінбеді. Жаңа жыл алдында бір топ депутат тергеу изоляторына бардық, 1975 жылы пайдалануға берілген ол ғимараттың тозуы 85% құрайды, ол әу баста түрме ретінде арнайы салынбаған, бейімделген, сиымдылығы 600 адамға арналған болса, біз барған күні қамауда 696 тұтқын отырғанының және мекеме әкімшілігі тұтқындарды қабылдамай, басқа қалаларға жолдап жатқан жағдайдың куәсі болдық. Себеп біреу – орын жетпейді. Осы жерде айта кету керек, Астаналық тергеу изоляторында бір кездегі Үкімет мүшелері, үш
экс-министр қамауда, оларға ешқандай артықшылық берілмеген, көпшілікпен бірдей жағдайда отыр", - деді Абзал Құспан.

Депутат Мәжілістегі басқа да әріптестеріммен бірге былтырдан бері Қазақстанның біраз өңірін аралағанын жеткізді, ондағы түрмелердің жағдайымен жеке танысып, тек қана қызметкерлермен кездесумен шектелмей, қамаудағы азаматтарды қабылдап, олардың арыз-шағымдарын, пікірлерін тыңдаған.

Абзал Құспан Премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап қылмыстық атқару жүйесіне қарасты нысандардың материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға Үкімет деңгейінде көңіл бөлуді сұрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу