Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер Қырғызстаннан сұр схемамен кіргізіліп жатқан автомобильдер мәселесін көтерді.
Роман Скляр осындай проблема бар екенін растады.
"Бұған дейін Еуразиялық экономикалық одаққа 5 ел мүше болып кіргенде, тиісті шартқа қол қоятын кезде арнайы ескертулер болған. Мәселен, Армения мен Қырғызстан оларға келетін импорт автомобильдеріне қатысты кедендік және басқа да салықтарды белгілеу кезінде белгілі бір жеңілдіктер алды. Бірақ та, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бұл ішкі ережелермен реттелуі қажет. Қазақстанға әкелінетін көліктер кедендік төлемдерді төлемеген жағдайда, онда бұл көліктер шекараны кесіп өткен соң есепке алу кезінде өтелуі тиіс", – деді ол тілшілердің сауалына берген жауабында.
Оның айтуынша, Қазақстанға сұр схемамен көлік кіргізу әрекеттері әлі де кездеседі.
"Арнайы органдар, кеден қызметі бұл мәселемен айналысуда. Олар бұл істе тәртіп орнатады деп ойлаймын", – деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.