Үкімет медицина қызметкерлерін қорғауды күшейтетін кешенді шара әзірлемек

206

Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың медицина қызметкерлерін қорғауды күшейту және денсаулық сақтау мекемелеріндегі қауіпсіздікті арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы жиын өткізді.  

Үкімет медицина қызметкерлерін қорғауды күшейтетін кешенді шара әзірлемек Фото: primeminister.kz

Оған Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ішкі істер министрі Ержан Сәденов және әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова қатысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, медбикелерге және басқа да денсаулық сақтау қызметкерлеріне жасалған шабуылдардың 170-тен астам фактісі тіркелген.

Ал денсаулық сақтау министрі хабарлағандай, дәрігерлерге жасалған шабуылдарды құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жеке басына қауіп төндіру әрекетімен теңестіру, сондай-ақ медиктерге смарт-бейнежетондар беру, ауруханаларда кешенді күзет жүйелерін енгізу және қабылдау бөлімшелерінде тәулік бойғы полиция бекеттерін орналастыруды көздейтін бірқатар заңнамалық түзетулерді дайындау басталған.

Олжас Бектенов медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.

"Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуын қамтамасыз ету қажет. Дәрігерлерге шабуыл жасалған мұндай оқиғалар құқықтық әдістермен қатаң түрде тоқтатылуы керек. Осыған байланысты денсаулық сақтау, ішкі істер, әділет министрліктеріне он күн мерзім ішінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны үшін қылмыстық жаза қарастыру бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеп, енгізуді тапсырамын", – деді Премьер-министр.

Ішкі істер министрінің мәліметінше, ауруханалар мен перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлмелерінде тәулік бойғы полиция бекеттері қойылған. Барлығы 115 денсаулық сақтау нысаны қорғауға алынды. Кикілжіңдерге жедел ден қою мақсатында маршруттық патрульдер көрсетілген мекемелерге жақын орналастырылды. Қазіргі уақытта медициналық мекемелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жекелеген шаралар қабылданды.

Бұдан бөлек, халық арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Айта кетейік, бүгін Президент Қ.Тоқаев дәрігерлердің денсаулығына нұқсан келтіріп, өміріне қауіп төндіретін мұндай келеңсіздіктерге байланысты "Заң және тәртіп" қағидатына сәйкес тосқауыл қою керектігін айтқан болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу