Сенатор Нұртөре Жүсіп келесі жылы Ұлттық қордан балаларға қанша қаражат аударылады деп мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ұлттық қордан мақсатты трансферттерді тарту қордың активтеріне және "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасын жүзеге асыруға қалай әсер етеді? Біз келешек ұрпақтың несібесіне қол салып, қол салғанда мол салып отырған жоқпыз ба? 2024 жылдың соңына дейін және келесі жылдары әр балаға қандай сома және жалпы қанша қаражат аудару жоспарланып отыр?", – деп сұрады депутат Сенаттың жалпы отырысында.
Қаржы министрі Мәди Такиев балаларға арналған ұлттық жоба биыл бірінші рет іске қосылғанын еске салды.
"1 ақпанда 7 миллионға жуық балаға 100 доллар 52 центтен есептеп салдық. Бүгінде қаражат доллармен есептеледі. Екіншіден, ол сома қосымша инвестицияланады. Сондықтан ол өсіп отыр. Енді инвестициялық кіріске келсек, биыл біз 2,6 пайызбен санадық. Енді келесі жылы жалпы 3 пайызға инвестициялық өсім болады деп болжамдап отырмыз. Балалардың санын ескере отырып, 1 қаңтарда 118-120 доллар көлемінде болатын шығар деген болжам бар. Бірақ 1 ақпанға дейін күте тұрайық. Дұрыстап есептеп, айтып береміз", – деді ведомство басшысы.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те "Ұлттық қор – балаларға" жобасы бойынша пікір білдірді.
"Жан басына шаққанда әр балаға – 130 доллардан. Бірақ Мәди Төкешұлы (ред. – Қаржы министрі) айтқандай, 1 қаңтарға дейін қанша бала дүниеге келді, қаншауы 18 жасқа толды – осының бәрін есептеп, тиісті ақпаратты жеткіземіз. Ал инфляция қорғалған, өйткені қаражат доллармен сақталып жатыр", – деді Сүлейменов.