Үкімет нысаналы трансферттердің көлемін шектеу мәселесін қарастырып жатыр

202

Депутаттардың сөзінше, Ұлттық қордағы қаржының жинақталуы күмәнді сияқты.  

Үкімет нысаналы трансферттердің көлемін шектеу мәселесін қарастырып жатыр Фото: Liter.kz

Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді алудың нақты ережелерін әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Биыл Ұлттық қордан бастапқыда 3,6 трлн теңге алу жоспарланған болатын. Алайда бұл сома жеткіліксіз болғанына байланысты нысаналы трансферт арқылы 2 трлн теңге қосымша алынайын деп отыр. Оған қосымша бағалы қағаздарды алу бойынша транзакциялар жасалды. Соған байланысты трансферттердің жалпы сомасы 6 трлн теңгеден асып отыр. Бұл мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына сәйкес, Үкіметтің құқығы және ондай шексіз мүмкіндіктері де бар екені белгілі. Бірақ енді фактілерге қарайтын болсақ, бүгінде Ұлттық қордан алынып жатқан қаражат Ұлттық қор түсімдерінен асып отыр. Бұл соңғы екі жылда байқалатын мәселе. Жақында өзіңіздің бір сұхбатыңызда "Үкіметке бюджет кірістерін тұрақтандыру үшін әлі 2 жыл керек болады" деген едіңіз. Бұны басқаша айтатын болсақ, бұл дегеніңіз алдымыздағы екі жылда Ұлттық қордың қаражатын белсенді түрде пайдаланатын болсақ, Ұлттық қордағы қаржының жинақталуы күмәнді сияқты", – деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.

Сенат депутаты жобаларды қаржыландырудың айқын және нақты өлшемдерін белгілейтін нысаналы трансферттерді алу ережелері қашан әзірленеді деп сұрады. Бұдан бөлек "Нысаналы трансфертті пайдалану үшін нақты өлшем ретінде төтенше жағдайлар немес дағдарысқа қарсы шаралар болуы мүмкін бе?" деп нақтылады.

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың сөзінше, қазіргі кезде нысаналы трансферттерге байланысты шектеу жоқ.

"Бірақ жақында Мемлекет басшысының Жолдауында Үкімет пен Ұлттық банкке фискалдық және ақша-несие саясаты арасындағы алшақтықты жою бағытында нақты тапсырма берілді. Осы тапсырма аясында Ұлттық банк пен Үкімет арасында нысаналы трансферттердің көлемін бюджеттік қағидаларға сәйкес шектеу туралы мәселені қарастырып жатырмыз. Жақында нақты шешім қабылданатын болады. Экономикалық саясат кеңісінде бұл мәселені толығымен қайтадан қарастырып, бір шешімге келеміз. Жалпы біздің негізгі ойымыз Ұлттық банкпен бір жерден шығып жатыр. Нысаналы трансферттерді шектеу қажеттілігі байқалады. Бірақ бұл қалай жасалады, қандай көлемде болады – осыны анықтайтын боламыз",  – деді ведомство басшысы.

Министр төтенше жағдайлар және басқа да дағдарыс кезінде нысаналы трансферттерді бөлу туралы мәселе күн тәртібінде тұрмағанын атап өтті. Нұрлан Байбазаров Ұлттық қордан бөлінетін қаржы ірі жобаларды қаржыландыруға, баламалы көздері жоқ үлкен жобаларды қаржыландыруға ғана бағытталатынын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу