Үкімет өңірлердің су тасқынына дайындық барысын тексеруді бастады

129

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапары барысында Қарағанды облысы өңірінің су тасқыны кезеңіне дайындығын тексерді. 

Үкімет өңірлердің су тасқынына дайындық барысын тексеруді бастады Фото: Үкімет

Сондай-ақ су басу қаупі бар Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет және Абай аудандарындағы негізгі гидротехникалық құрылыстар мен елді мекендердің жағдайын бағалады, деп хаабрлайды inbusiness.kz сайты.

Нұра өзенінің арнасы бойында Вице-премьер Көкпекті, Байқадам, Петровка, Сарытөбе, Ботақара, Шешенқара ауылдарын, сондай-ақ "Байқадам" және "Миньковская" су бөгеттерін және Ащысу су қоймасын қарап шықты. Шерубай-Нұра өзені бойында Қарашоқы, Бесоба, Ақсу-Аюлы, Қайрақты, Нұраталды, Ақсу және Шопа елді мекендері тексерілді. Сонымен қатар Красная Поляна ауылындағы қорғаныс бөгеттірінің жай-күйі қаралды.

Абай ауданында Южный, Құлаайғыр және Тасзаемка ауылдары, сондай-ақ "Шерубай-Нұра" және "Жартас" су қоймаларының жағдайы зерделенді. Бұдан бөлек, Қанат Бозымбаев Самарқанд су қоймасы гидроторабының жұмысымен танысып, Чкалов ауылындағы қорғаныс бөгеттерін тексерді.

Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметінше, өңірде негізгі су тасқынына қарсы іс-шаралар аяқталған, жұмыстар Теміртау қаласында жалғасуда. 25 шақырым қорғаныс дамбалары мен бөгеттер салынды және нығайтылды, өзен арналарының 28 шақырымнан астам су тасқыны қаупі бар учаскелеріне санация жүргізілді, 21 шақырым дренаж және су бұру жүйелері тазартылды. 54 автожол учаскесінде су өткізу қабілеті арттырылды, төрт гидротехникалық нысанға жөндеу жүргізілді.

Жергілікті атқарушы органдар материалдық-техникалық және қаржылық резервтерді қалыптастырды, шамамен 1 млн 200 мың текше метр қар шығарылды. Облыстың 7 ауданында және 4 қаласында су басу қаупі бар 139 елді мекен, сондай-ақ автомобиль және теміржолдардың 130 қауіпті учаскесі ерекше бақылауға алынған. 217 су шаруашылығы нысаны тұрақты мониторингте тұр. Қазіргі уақытта өңірдегі су тасқыны жағдайы тұрақты. Негізгі су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларынан санитарлық су жіберу жүргізілуде. Бүгін көктемгі су тасқыны жағдайының қолайсыз дамуы кезінде құтқару және өзге де жұмыстарды ұйымдастыруға дайындық мақсатында "Көктем-2026" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. ТЖМ аумақтық деңгейдегі хабарландыру жүйесінің дайындығын тексерді.

1 наурыздан бастап төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің барлық күштері мен құралдары жоғары дайындық режиміне көшіріледі. Жауап беру шараларына 3 579 адам және 1 047 техника бірлігі жұмылдырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу