Үкімет отын бойынша ахуалды тұрақтандыру шараларын қабылдап жатыр – Әлихан Смайылов

594

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Павлодар облысына жұмыс сапары барысында таяуда жоспарлы жөндеуден шыққан Павлодар мұнай-химия зауытына барды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Үкімет отын бойынша ахуалды тұрақтандыру шараларын қабылдап жатыр – Әлихан Смайылов

Кәсіпорын директоры Қуаныш Бишімов 8-27 шілде аралығында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, зауыттың 7 айдың қорытындысы бойынша дизель отынын, бензинді және басқа да өнім түрлерін шығару бойынша көрсеткіштерді асыра орындағанын хабарлады. Үкімет басшысы мұның күзгі дала жұмыстары қарсаңында маңызды екенін атап өтті.

"Кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуі, жанар-жағармай материалдарының барлық жоспарланған көлемі өндіріліп, нарыққа уақытылы жеткізілуі өте маңызды", – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр қазіргі уақытта Үкіметтің ішкі нарықтағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдап жатқанын айтты. Себебі Үкімет басшысының айтуынша, дизель отыны мен бензин көрші елдерге шығарылған жағдайлар бар.

"Жанар-жағармай материалдары бойынша тәуекелдерді барынша азайту мақсатында біз қазір ішкі тұтынушылар үшін бағаларды ұстап тұру және сыртқы тұтынушыларға арнап бағаларды түзетуге бағытталған шешімдерді әзірлеп жатырмыз. Бағалар көрші елдердің нарықтарына сай келуі тиіс. Бұл біздің азаматтар мен бизнесті жанар-жағармай материалдарымен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ПМХЗ басшылығы кәсіпорынға келіп түсетін мұнайдың сапасы және жабдықты сатып алу кезінде еркіндікті барынша қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Үкімет басшысы тиісті шешімдер қабылдау үшін мемлекеттік органдарға аталған мәселелерді пысықтауды тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу