Үкімет пен ArcelorMittal корпорациясы бір мәмілеге келді

427

Аталған келісімнің егжей-тегжейін баспасөз мәслихатында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты. 

Үкімет пен ArcelorMittal корпорациясы бір мәмілеге келді Фото: primeminister.kz

ҚР Үкіметі мен ArcelorMittal корпорациясы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ны Қазақстанға беру туралы мәмілеге келді.

Биылғы тамыз айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-да орын алған апат кезінде компанияның инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескел бұзғаны туралы айтты. Сол кезде Мемлекет басшысы АМТ-мен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бергенін атап өтті.

Бұл уақытта Қазақстан Үкіметі "АрселорМиттал Теміртау" иелерімен ArcelorMittal компаниясын металлургиялық комбинат құрамынан шығару мүмкіндігі туралы келіссөздер  жүргізіліп жатқан.

Келіссөздер 2022 жылдың 3 қарашасында АМТ-ның еншілес кәсіпорны – Ленин атындағы шахтада болған қайғылы апаттан кейін басталды.

Қазақстан Үкіметі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына нақты талаптар қойды.

Келіссөздер нәтижесінде 2022 жылғы 9 желтоқсанда Қазақстан Үкіметі мен ArcelorMittal арасында қазақстандық тарапқа кәсіпорынды бағалау және аудит жүргізуге мүмкіндік беретін "Standstill Agreement" келісіміне қол қойылды.

Министр келіссөздер барысында ArcelorMittal $3,5 млрд сұрағанын, бұл халықаралық консультанттардың есебіне сәйкес келмейтінін атап өтті.

"Бұл келіссөздер үдерісінің ұзаққа созылуының басты себептерінің бірі болды. Біздің мақсатымыз – қымбат және ұзаққа созылатын халықаралық сот процестеріне жол бермей, комбинатты әділ бағамен сатып алу болды. Кәсіпорынның тоқтап қалмауы үшін келіссөздерді жедел әрі жылдам жүргізудің қажеттілігі туындады", — деді Қанат Шарлапаев.

Оның айтуынша, келіссөздер процесі 11 раундтан тұрды, нәтижесінде екі тарап та ортақ ұстанымға қол жеткізді.

"Қазақстан Үкіметі мен “АрселорМиттал” арасындағы келісімді мега-мәміле деп атауға болады, оның еліміз үшін маңызы ерекше. Біз басқа елдердің үкіметтері тап болатын көптеген тәуекелдерді айналып өте алдық", — деп атап өтті министр.

Ол сондай-ақ жасалған мәміленің үш негізгі элементін жариялады:

  • Мемлекет активтер құнын  $3,5 млрд-тан $286 млн-ға дейін төмендетті;
  • Мәмілені жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен бір де бір теңге жұмсалған жоқ;

Жаңа инвестор ArcelorMittal бас компаниясының алдында 4 жыл ішінде $250 млн сомасындағы қысқа мерзімді несиені және $450 млн ұзақ мерзімді несиені өтеу бойынша міндеттеме алады.

"$286 млн – бұл толық жұмыс істеп тұрған екі кәсіпорынның құны екенін ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар ArcelorMittal Қазақстан Үкіметіне ешқандай талап қоймайды. Келісім халықаралық құқық нормаларын толық сақтай отырып, құқықтық негізде жасалды", — деді Қанат Шарлапаев.

Оның үстіне өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен ҚР Әділет министрлігі өкілдерінен құралған қазақстандық келіссөздер тобы ArcelorMittal компаниясын "Қазақстан халқына" қайырымдылық қорын қолдау үшін 16 млрд теңге көлемінде жарна жасауға көндірді.

АМТ-дан қорға түсетін қаражат Қарағанды   облысы тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуге және әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.

Сондай-ақ бұл соманың 50%-ы Теміртау қаласына жұмсалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу