Үкімет пен Ұлттық банктің сыртқы экономикалық құбылыстарға "қарсы" бірлескен жоспары бар

1277

Үкімет халықты интернетте тарап жатқан жалған мәліметтерге сенбеуге шақырды.

Үкімет пен Ұлттық банктің сыртқы экономикалық құбылыстарға "қарсы" бірлескен жоспары бар

Бүгін Үкімет ресми мәлімдеме жасапды. Inbusiness.kz мәлімдеменің толық мәтінін ұсынады:

"Интернетте теріс сыртқы макроэкономикалық жағдайларға байланысты туындайтын проблемалар туралы хабарламалардың жиілеуіне байланысты мынаны хабарлаймыз.

Теріс сыртқы экономикалық құбылыстарға жедел ден қою шеңберінде Үкімет пен Ұлттық Банк Бірлескен іс-қимылдар жоспарын іске асыруда.

Атап айтқанда, қаржы нарығының орнықтылығын және теңгелік депозиттердің  тартымдылығын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, мемлекеттік бюджет есебінен халықтың депозиттері бойынша сыйлықақы есептеуді көздейтін Теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасын әзірледі.

Екінші деңгейдегі банктерде 2022 жылғы 12 наурыздағы жағдай бойынша  шамамен  15,3 трлн теңге немесе активтердің 40%-ын құрайтын өтімділігі жоғары активтердің біршама қоры бар.

Еркін өтімділіктің болуы банктерге өз міндеттемелеріне уақтылы және толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Банктердің өтімділік бойынша пруденциялық нормативтері реттеушінің ең төменгі талаптарынан төрт еседен астам артық.

Заңда белгіленген шекте жеке тұлғалардың депозиттеріне мемлекет кепілдік береді. Ағымдағы жылғы қаңтарда халықтың теңгелік жинақ депозиттері бойынша кепілдік сомасы 20 млн теңгеге дейін, сондай-ақ түрлері мен валюта бойынша әртүрлі  депозиттерге кепілдік берудің ең жоғары жиынтық сомасы "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ тарапынан ұлғайтылды.

Бұдан басқа, бағаның өсуін тежеу мақсатында Үкімет Инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асыруда.

Ол өнім өндіру көлемін ұлғайтуға, сақтау мен логистикаға, бөлшек саудаға, баға белгілеуді бақылауға, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеуге  бағытталған жедел және орта мерзімді сипаттағы іс-шаралардан тұрады.

Жалпы Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жағдайды бақылауда ұстауда. Бұл үшін күн сайын Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб отырыстары өткізіледі. Оның шеңберінде экономикалық жағдайдың дамуының әртүрлі сценарийлері бойынша шешімдер пысықталады.

Халықты үрейленбеуге және ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырамыз.

Арандатушылық сипаттағы анық емес және жалған ақпарат таратқаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілік көзделгенін атап өтеміз".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу