Депутаттар "Үкімет дер кезінде шара қолданбаса, талай кәсіп жабылады" дейді. Өйткені, санкцияға іліккен көршіміз бар өнімін біздің елге экспорттап әлек. Контрабандалық жолмен таситындар да жетіп артылады.
Бір ғана мысал, даламыз алтын дәнге толып, өз сұранысымызды өзіміз жауып отырсақ та, ресейдің астығы қамбаларымызға құйылып жатыр. Тіпті, елге жылына заңсыз жолмен 1,5-2 млн тонна астық кіретін көрінеді. Мұның салдарынан мемлекет жыл сайын 500 млн доллардан қағылады.
Депутаттар Ресейден тасымалданатын сүттің де сапасына күмән келтіріп отыр. Ол сүт пе, әлде ұнтақ па тексеру керек дейді. Елге сырттан тасымалданған ақтың құрамынан пальма майы анықталған да жағдайлар кездескен. Сондықтан елдің фитосанитарлық қызметін реформаламай, нәтижеге жету қиын.