Үкімет резервінен Жамбыл облысындағы гидробекетін қалпына келтіруге 450 млн теңге бөлінеді

417

Премьер-Министр Жамбыл облысында егіншілермен кездесті

Үкімет резервінен Жамбыл облысындағы гидробекетін қалпына келтіруге 450 млн теңге бөлінеді Фото: primeminister.kz

Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов жергілікті егіншілермен кездесті.

Сеңкібай су арнасы құрылысының барысын тексеріп, вегетациялық кезеңде суды пайдалану тиімділігін арттыру шараларымен танысты. Әлихан Смайыловтың өңірлік ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесуі барысында субсидиялау, ауыл шаруашылығы техникасы мен минералды тыңайтқыштар сатып алу, суармалы сумен қамтамасыз ету және басқа да бірқатар мәселе көтерілді. Атап айтқанда, құрғақшылық салдарынан болған егін шығынын өтеу туралы мәселе көтерілді.

Премьер-Министр қазір өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай жариялау және Үкімет резервінен қаражат бөлу есебінен фермерлердің шығындарын өтеу мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті.

"Жоспар бойынша қыркүйек айының соңына дейін барлығы есептеліп, тиісті қаражат бөлінетін болады. Сондай-ақ республикалық бюджеттен субсидияларға қаржы бөлу және оларды кешіктірмей төлеу мәселесін жылдамдатып жатырмыз. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының бақылауында", - деді Әлихан Смайылов.

Тағы бір мәселе "Жасөркен" гидробекетін қалпына келтіруге қатысты болды. Ол суды әділетті бөліп, есепке алуға мүмкіндік береді. Премьер-Министр ол үшін Үкімет резервінен 450 млн теңге қаражат бөлу туралы тиісті министрлікке және әкімдікке тапсырма берілгенін хабарлады.

"Бұл жұмысты биыл бастау керек", - деді ол.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу