Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Мәжілістің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біз жедел шешуді қажет ететін бірқатар мәселелерді жарияладық. Атап айтқанда, мемлекет фермерлердің 2011 жылы 5 млн тоннадан астам астық сатып алғандай биыл үлкен көлемде астық сатып алына ма? Астық сатып алу бағасының құлдырауына байланысты жағдайды қалпына келтіру үшін не істеліп жатыр? Көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарына берілген несиелер бойынша төлемді кем дегенде келесі жылдың көктеміне дейін ұзарту бойынша шешім қабылдауға бола ма? Бүгінде көлемді 350 млрд теңгеден асып кеткен фермерлерге берілетін субсидиялар бойынша қарыздар осы жылдың соңына дейін төлене ме? Үкімет мемлекет пен фермерлер арасындағы екіжақты міндеттемелерді азайту үшін өзара есеп айырысу тетігін қолдануы мүмкіндігін қарастыра ма?", – деді депутат Серік Егізбаев.
Бұдан бөлек астықты үздіксіз экспорттау үшін вагондарды жеткізу мәселелері қалай шешілетіні нақтыланды.
"Бірінші мәселе бойынша айтсақ. Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумында азық-түлік корпорациясы арқылы нарықта қолайлы бағаларды ұстап тұру үшін жеткілікті көлемде фермерлерден астық сатып алуды ұйымдастыруды тапсырған болатын. Бүгін сатып алу бағасы жарияланады. Үкімет резервінен осы мақсаттарға 10 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Оның есебінен алғашқы 155 мыңға жуық (тоннаны) сатып алу көзделуде. Бұл мәселе бұдан әрі Үкімет отырысында қаралатын болады", – деді ведомство басшысы Айдарбек Сапаров.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Үкіметке шаруалардан астық сатып алуды тапсырған болатын.