QazaqGeography басқарушы кеңесінің төрағасы Қанат Байғарин Тұран жолбарысын қазақ жеріне қайтару бойынша дайындық шаралары туралы айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
"Аталған бастама 2013 жылдан бері талқыланып келеді. Биылдан бастап мемлекет тарапынан нақты қолдау жасалып жатыр. Бюджет ашылды. Осылайша, біз Тұран жолбарысын реинтродукциясын бастап отырмыз. Бұл - оңай шаруа емес, өте ауыр жоба. Осы жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі қаржыландыру шараларын бастайтын болады. Бұған дейін Үкімет тек дайындық шараларына ғана атсалысты. Енді, биылдан бастап қаржыландыруды қолға алып отыр", - деді Қанат Байғарин үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында.
Оның айтуынша, Қазақстан жеріндегі соңғы Тұран жолбарысы 1950-ші жылдары атылған. Енді, оның популяциясын жаңғырту үшін алдымен азық-түлік пирамидасын құрып алу қажет. Бұл дегеніміз, жолбарысқа қорек болатын жан-жануарлардың популяциясын ретке келтірілуі тиіс. Ал жануарлардың санын арттыру үшін жем-шөп те жақсы өсуі шарт. Тұран жолбарысы күніне 20-200 келі ет жейді. Сол себепті Іле-Балқаш резерватында қажетті қоректің көлемі болуы қажет.
"Бастапқыда резерваттың территориясын зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оған қоғамдық ұйымдардың қыруар қаражаты жұмсалды. Қазақстанның географиялық қоғамы да атсалысты. Біз резерват территориясын xалықаралық сараптау шараларына қолдау жасадық. Әрине, басты міндет - мемлекетті тарту. Себебі мемлекет болмаса, аталған бастаманы іске асыру мүмкін емес. Білуімше, биыл республикалық бюджеттен 120 млн теңге бөлінді. Ол ақша резерват территориясын жасақтауға жұмсалады", - деп атап көрсетті Қанат Байғарин.
Айта кеткен жөн, Іле-Балқаш резерватының жалпы ауданы 423 мың гектар болады. Территория толығымен қоршалады.