Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Мәжіліс кулуарында бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Серік Жұманғарин әлем тәжірибесіне сәйкес Үкімет дұрыс шешім қабылдады деп отыр.
"Оған біраз дәлел бар. Ең танымал халықаралық институттар мен халықаралық ғалымдар оны қолдайды. Олар 2022 жылы Барселона декларациясына қол қойған. Оның ішінде 80-нен астам ұйым, танымал тәжірибелі ғалымдар бар. Біз олардан артық емеспіз, басқа пікір жоқ. Үкімет қазір өз шешімін қолдайды", – деді спикер тілшілердің сауалына берген жауабында.
Журналистер Шығыс Қазақстан облысындағы наразылық қалай шешіледі деп нақтылады.
"Қазір ғана айтып кеткенімдей, зерттеу наразылықтың басқа жағы бар екенін көрсетіп отыр. Мәселен, қараңғы түскенде жарық жоқ, инфрақұрылым жоқ, тротуарлар дайын емес, мүмкін қар тазартпайды. Соның бәрін шешу керек. Уақытты өзгертуге болады ғой. Мысалы, жұмыс уақытын ертерек бастап, оны ертерек бітіру. Оның бәрін біз шешеміз. Келесі аптадан бастап медиаға шығамыз. Бүкіл халықаралық сарапшыларды шақырып, халыққа түсіндіреміз", – деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Премьер-министрдің орынбасары уақыт белдеуіне қатысты алдағы зерттеу нәтижесі қандай болатынын білмейтінін айтты.
Күні кеше Парламент депутаттары мүдделі мемлекеттік органдарға бірыңғай уақыт белдеуі мәселесіне қатысты ғылыми-зерттеу жұмысын 2025 жылдың наурызына дейін аяқтауды тапсырған болатын. Серік Жұманғарин осы мәселеге қатысты өз ойын айтты.
"Кеше сондай тапсырма болды. Үш айдың ішінде оны аяқтауға тырысу керек. Ол мүмкін бе, мүмкін емес пе – мен білмеймін. Уәкілетті орган бұл мәселеге жауап берсін", – деді спикер.