Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев Үкіметтің Ұлттық банк басқармасындағы өкілі болып тағайындалды. Бұл туралы үкіметтің 2017 жылдың 28 қыркүйегіндегі № 600 қаулысында көрсетілген, деп хабарлайды Интерфакс.
Ұлттық банк басқармасының бұрынғы өкілі Тимур Сулейменов Үкіметтің 2017 жылғы 28 қыркүйектегі қаулысымен басқарма құрамындағы міндетінен босатылды. Қаулы қол қойылған күннен бастап жүзеге асады.
Ұлттық Банктің басқарма құрамына Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев, президенттің көмекшісі Әлихан Смайылов, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Ұлттық банк төрағасының орынбасарлары Алпысбай Ахметов, Дина Ғалиева, Жанат Құрманов, Олег Смоляков, Ұлттық банктің банктік қадағалау департаментінің директоры Олжас Кизатов кіреді.
Ерболат Досаев 2013-2014 жылдары Ұлттық экономика министрлігін басқарды, 2012-2013 жылдары экономикалық даму және сауда министрі болды. 2004-2006 жылдары Денсаулық сақтау министрлігін, Қаржы министрлігін басқарды. Сондай-ақ, 1998 жылы Қазақстан премьер-министрінің кеңесші қызметін атқарған.