Премьер-министр Олжас Бектенов ҚР Үкіметінің жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Онда референдумда қабылданған Конституцияның нормаларын сапалы және жедел енгізуді қамтамасыз ету үшін "Заң мен Тәртіп" қағидатын бекіту мәселелері қаралды.
"Мемлекет басшысы өткен жылдың соңында "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" Заңға қол қойды. Осы Заңға сәйкес құқық бұзушылықтың алдын алуға жауапты субъектілердің тізбесі мен Ведомствоаралық комиссияның құрамы кеңейтілді.
Сонымен қатар жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституцияда құқықтық мемлекетті нығайтуға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және кез келген құқық бұзушылыққа "мүлдем төзбеушілікті" орнықтыруға бағытталған "Заң мен Тәртіп" үстемдігі негізгі қағидаттардың бірі ретінде көрініс тапқан. Заңнамалық деңгейдегі жаңалықтардың бірі – құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарына барлық мемлекеттік органдарды, азаматтарды және жергілікті қоғам өкілдерін тарту. Бұл – баршамызға ортақ міндет", – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр атап өткендей, Ведомствоаралық комиссияның алдағы жұмысы "Заң мен Тәртіп" конституциялық қағидатын жүзеге асыруға және берік орнықтыруға бағытталатын болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын қоғаммен серікстестікте жүзеге асыру барысы туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов баяндады. Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, қаржы министрі Мәди Такиев, сондай-ақ Жамбыл және Ақтөбе облыстарының әкімдері сөз сөйледі.
Тұжырымдама мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының құқық бұзушылықтардың алдын алудың тұтас жүйесін қалыптастырудағы күш-жігерін шоғырландыруға бағытталған. Оның негізгі элементтері – ерте ескерту, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және қауіпсіздік инфрақұрылымын дамыту.
Тиісті іс-қимыл жоспары шеңберінде бірқатар шаралар қабылданды:
Биыл 2 наурыздан бастап "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" жаңа заң күшіне енді.
Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мақсатында ұялы байланыс абоненттерін биометриялық сәйкестендіру енгізілді, сондай-ақ БҰҰ-ның Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясына қол қойылды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жоспары және агрессорларға психологиялық көмек көрсету Ережелері бекітілді. Өткен жылы 1 мыңға жуық азаматқа психологиялық түзету тағайындалды.
Сталкинг пен некеге мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Электрондық білезіктерді қолдана отырып, бұрын сотталған адамдардың мінез-құлқына бақылауды күшейту жолымен рецидивтік қылмыстың алдын алу шаралары жүзеге асырылды.
ІІМ мәліметтері бойынша, жаңа форматтарды енгізу және заңнаманы жетілдіру Қазақстанда қылмыс деңгейінің өткен жылы 6%-ға, осы жылдың 1 тоқсанында 9%-ға төмендеуіне ықпал етті. Сонымен қатар, ішкі істер министрі Ержан Саденов Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау және Абай облыстары әкімдіктері тарапынан шараларды күшейтуді талап ететін бірқатар мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, полиция пункттерінің құрылысын салу және реконструкциялау, жол қозғалысы ережесін (ЖҚЕ) бұзу деректерін тіркеудің автоматты жүйелерін орнату, байланыс инфрақұрылымын дамыту және тағы да басқалар туралы айтты.