Үкімет резервінен Ұлытау облысының сумен жабдықтау инфрақұрылымын жаңғыртуға 1,8 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қаражат Президенттің халықтың өмір сүру сапасын арттыру және ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Жезқазған қаласының шаруашылық-ауыз су тазарту құрылыстарын реконструкциялауды аяқтауға бағытталған.
Жұмыс істеп тұрған кешен 1966 жылы пайдалануға берілген, жабдықтың тозуы 90%-ға жетті.
– Қазіргі уақытта нысанда ұзындығы 4 шақырым инженерлік желілер (кәріз, жылумен жабдықтау, жарықтандыру) тартылып, трансформаторлық қосалқы стансалар мен тарату құрылғылары салынды. Сүзілген және ауыз суға арналған 4 резервуар реконструкцияланды және пайдалануға берілді, сорғы жабдығы жаңартылды. Үкімет резервінен бөлінген қаражат нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтап, 2026 жылы жоспарлы пайдалануға мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.
Жезқазғанның инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі жұмыс – халықтың сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша сапалы ауыз суға қолжетімділік: қалаларда – 99,4%, ауылдық елді мекендерде – 98%-ды құрайды.
100% көрсеткішке қол жеткізу үшін 2025 жылы Үкімет республикалық бюджетте 257 жобаны жүзеге асыруға 105,7 млрд теңге қарастырған. Бұдан бөлек, Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен 229 жобаны жүзеге асыруға қосымша 135,8 млрд теңге бөлінді.
Үкімет бөлінген қаражаттың уақтылы мақсатты игерілуін және Президенттің азаматтардың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін жүргізілетін жұмыстардың сапасын бақылайды.