Үкіметте агроөнеркәсіп кешенінде су ресурстарын пайдалану жөніндегі міндеттер қаралды

489

Бүгінгі таңда 2023 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық үшін арнайы жоспар бекітілді, оның аясында алдын ала жұмыстар басталды.  

Үкіметте агроөнеркәсіп кешенінде су ресурстарын пайдалану жөніндегі міндеттер қаралды Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында агроөнеркәсіп кешенінде су ресурстарын пайдалану жөніндегі міндеттер қаралды, деп жазады inbusiness.kz Премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің баяндауынша, осы жылы барлық тартылған судың шамамен 11,6 км3 тұрақты суаруға жіберілді, оның 97%-ы оңтүстіктегі бес облысқа – Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарына тиесілі, жалпы суару ауданы 1,61 млн га (ел бойынша 73%) болды.

Биыл трансшекаралық өзендер бассейніндегі 5 322 су шығару құрылыстарына жөндеу жүргізілді, 1 512 км магистральдық және шаруашылық аралық каналдарды реконструкциялау және механикалық тазарту жүзеге асырылды, суару үшін коллекторлық-дренажды суларды қайта пайдалану үшін 67 сорғы қондырғысы сатып алынды, 107 мың га ауданда су үнемдеу технологиялары қолданылды.

Бүгінгі таңда 2023 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық үшін арнайы жоспар бекітілді, оның аясында алдын ала жұмыстар басталды.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, АӨК-ті сумен қамтамасыз ету су жетіспеушілігіне байланысты жыл өткен сайын қиындай түсуде. Бұған бірнеше фактор әсер етіп отыр: көрші елдердің аумағынан келетін суға тәуелдіміз, біздің өңірде судың аз жиналуы, каналдардағы судың шығыны жоғары, сондай-ақ суды үнемдеу технологиялары жеткіліксіз.

Премьер-Министр трансшекаралық сулар бойынша үкіметаралық келісімдерді жетілдіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу, каналдар мен су қоймаларын жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын күшейту, суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын және жалпы суды цифрлық есепке алуды енгізуді ынталандыру керек екенін айтты.

"Атап айтқанда, суды көп қажет ететін дақылдарды өсіру үшін жаңбырлатып және тамшылатып суару жабдықтарын қолдану тәжірибесін кеңейту қажет. Сондай-ақ коллекторлық-дренаждық жүйелер арқылы суды қайта пайдалану технологияларын көбірек қолдану керек", — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы жалпы өңірлерді қажетті судың көлемімен қамтамасыз ету үшін сумен жабдықтаушы ұйымдардың жұмысын үйлестіру қажет екенін атап өтті.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу